Қазақстанда коронавирустан бір адам қаза тапты

0
68
Photo: apostrophe.ua

26 наурыз күні Қазақстанда бір адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы 20:30-да ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.

Бұл – Қазақстанда Covid-19 дертінен қаза тапқан алғашқы адам.

Абаевтың айтуынша, қайтыс болған әйел адам Нұр-Сұлтанда емделіп жатқан.

Елде 13 наурыздан бері 109 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда – 40 адам, Нұр-Сұлтанда – 61 адам, Қарағандыда – екі адам, Шымкентте – екі адам, Алматы облысында – бір адам, Ақтөбе облысында – бір адам, Жамбыл облысында – бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.

25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққаны хабарланды.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. 25 наурызда Шымкентте осы қатарға қосылды. Үш қалада 28 наурыздан бастап жұрттың сыртқа шығуына мынандай шектеу қойылады.

  • Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
  • Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
  • Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
  • Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
  • Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус 480 мыңнан астам адамға жұқты. Содан бері 21 мыңнан аса адам қаза болып, 115 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын “пандемия” деп жариялаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз