Қазақстаннан Мьянмаға үндеу

0
60
дереккөзден

Қазақстан Мьянма үкіметін елдегі рохинджа-мұсылмандарының жағдайына байланысты проблемалардың түбегейлі себептерін жоюға барлық күш-жігерін жұмсауға шақырады. Бұл туралы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Мьянмадағы ахуал бойынша өткен отырысында мәлімдеді.

Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қ. Омаров және босқындар ісі бойынша БҰҰ агенттігінің еріктілер елшісі, актриса Кейт Бланшетт/ ҚР СІМ

СІМ баспасөз қызметі таратқан ақпарға сәйкес, Қазақстан елшісі дәл осыдан бір жыл бұрын Мьянмадан Бангладешке 700 мыңнан астам рохинджа-мұсылмандары қашқан кезде халықаралық қоғамдастық ең ірі гуманитарлық апаттардың біріне куә болғанын атап өтті. «Ең таңқаларлығы–рохинджа-босқындардың 60 пайызы үйлерінен кетуге мәжбүр болған және біз сәуір айында Бангладеште өзіміз көргеніміздей босқындар лагерлерінде өте қиын жағдайға тап болып отырған ол – балалар», – деді Қ.Омаров.

Қазақстан БҰҰ және барлық гуманитарлық әріптестердің рохинджа-босқындарға азық-түлік, баспана, дәрі-дәрмектер, су және басқа да көмек көрсету құралдарын ұсынуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалайды, деп хабарлайды СІМ.

СІМ ақпарына сәйкес, осы жылдың сәуір айында Қазақстан Үкіметі Бангладештегі Кокс-Базар қаласының маңында орналасқан рохинджа-босқындарға 500 мың доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен.

Мьянмадағы қазіргі жағдайды алға тартқан Қ.Омаров БҰҰ-ның мәліметтері бойынша этникалық рохинджа халқы өкілдерінің жүріп-тұру бостандығына, сондай-ақ білім алу, денсаулық сақтау және өмірлік дағдыларына қол жеткізуге әлі де қатаң шектеулер барын атап өтті. «Рохинджа-босқындар кепілдікке ие қауіпсіздікті және осы мәселелер бойынша нақты прогресті көріп тұрған кезде ғана олар елге оралады», – деп баса айтты Қазақстан елшісі.


Еске салсақ, өткен жылдың тамыз айының соңында 25 тамыз күні Ракхайн штатында жауынгерлік топтар 26 полиция бөлімшесіне және әскери базаға шабуыл жасаған. Аталған шабуылдар нәтижесінде Мьянманың қауіпсіздік күштерінің 59 қызметкері және 12 жауынгері қаза тапты. Жауап ретінде үкімет бұл жағдайға байланысты қауіпсіздік операциясын жүргізді. БҰҰ-на осы операцияларды жүргізу барысында адам құқығының өрескел бұзылғаны туралы ақпар келіп түсті. MSF халықаралық ұйымының жүргізген зерттеулері бойынша өткен жылы тамыздың жиырма бесі мен қыркүйектің жиырма төртіне дейін Мьянманың Ракхайн штатында 9 мыңға жуық рохинджалық азамат қайтыс болған. Қайтыс болғандардың 71,1% зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмды. Оның ішінде,  730 бала бес жасқа толмаған.

 

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз