БАҚ: Айсұлтан Назарбаев қайтыс болды

0
250
Айсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Назарбаев қайтыс болды. Бұл туралы Zakon.kz сайты хабарлады.

Бірқатар жергілікті және халықаралық БАҚ осы сайттың мәліметіне сүйеніп, ақпарат таратып жатыр. Хабар әлеуметтік желіде тез тарап, ел тұрғындары оны қызу талқыға салды. Жаңалық шыққалы төрт сағаттан асты, бірақ билік те, Айсұлтан Назарбаевтың туыстары да ақпараттың рас-өтірігі туралы мәлімдеме жасамады.

Kaztag агенттігі өзінің дереккөздеріне сілтей отырып жерлеу рәсімі 17 тамыз күні өтеді деп хабарлады.

30 жасқа шыққан Айсұлтан Назарбаев Қазақстан сенатының экс-спикері Дариға Назарбаева мен оның бұрынғы күйеуі марқұм Рахат Әлиевтың екінші ұлы. Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысына айналған Рахат Алиев 2015 жылы Австрия түрмесінде тергеуде жатып қайтыс болған.

Айсұлтан Назарбаев 1990 жылы 26 тамызда туған. Ол Ұлыбритания корольдігінің “Сандхерст” әскери академиясын тәмамдаған. Отанына оралған соң ол Қазақстан қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасына жұмысқа тұрған. 2017 жылы ол жеті ай бойы Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болды. Айсұлтан Назарбаев есірткіге тәуелді адамдарға арналған еуропалық клиникаларда бірнеше рет емделген.

Биыл ақпанда Айсұлтан Назарбаев Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған. Кейінгі жылдары ол өзінің жақын туыстарына түрлі деңгейде айып тағып, Қазақстан билігін сынаған.

2019 жылы қазан айында Ұлыбритания соты Айсұлтан Назарбаевты сол жылы маусым айында Лондон полициясының қызметкеріне қол көтергені үшін шартты жазаға кесті. Оқиға кезінде Айсұлтан International Park Plaza Hotel-де болып, балкон арқылы белгісіз бір әйелдің пәтеріне кіріп кеткен. Британия басылымдарының жазуынша, ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз