Ұлтаралық сипат жоқ – Пашинян Қарағандыдағы оқиға турасында

0
69
Армения премьер-министрі Никол Пашинян.

Армения премьер-министрінің қызметін уақытша орындаушы Никол Пашинян бірінші қаңтарға қараған түні Қарағандыдағы жаппай төбелесте болған адам өліміне қатысты пікір білдірді.

Журналистің сұрағына жауап берген Пашинян қайтыс болған жігіттің туыс-туғандарына көңіл айтып, армян бұқаралық ақпарат құралдарын ақпаратты тек “толық тексерілгеннен кейін ғана” жариялау қажеттігіне үндеді.

“Маған жеткен ақпар бойынша кикілжіңге келген тарап моноэтникалық болмаған. Төбелесті бастаған кикілжіңге түскен тараптар арасында этникалық қазақ та болған, ұлтаралық сипат жоқ” – Никол Пашинян.

Сондай-ақ, Арменияның сыртқы істер министрі Шаварш Кочарян да болған жайтқа қатысты мәлімдеме жасады. Армения СІМ басшысының ақпарына сәйкес, Армения билігі мен Қазақстан билігі “мұны ішкі қылмыстық құбылыс және мұнда ешқандай ұлтаралық сипат жоқ” деген ұстанымда. Кочарян армян елшілігі армян қауымымен “тәулік бойы байланыста екенін” алға тартты.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпарына сәйкес, бірінші қаңтарға қараған түні Қарағанды қаласындағы мейрамханалардың бірінде кикілжің туып, арты жаппай төбелеске ұласқан, салдарынан бір азамат қаза тапты. Үш адам түрлі пышақ жарақатын алған.

Қарағанды облысы әкімдігінің мәлімдемесіне сәйкес, жаппай төбелесті ұйымдастырған тоғыз адам анықталған, олардың сегізі қамауға алынған.

Жексенбі 6 қаңтарда Қарағандыда жүздеген азамат биліктен жаппай төбелеске қатысты түсіндірме сұрап, көшеге шықты. Кейбіреулер “қылмысқа қатысы бар адам қашып кетеді” деген күдігін білдірген. Жиналғандармен Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жүздесіп, қашқында жүрген басты күдікті екі-үш күн көлемінде ұсталады деп мәлімдеді.

 

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз