Оңтүстіктен Астаналықтарға 7 тарту

0
49
Оңтүстік Қазақстан облысының баспасөз қызметінен

«Экспо – 2017» көрмесі аясында Астана қаласында Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінің ашылу салтанаты болып өтті. Оңтүстік өңірінен  қонақтар  елордаға жеті ерекше тартуымен бірге келіп отыр.

Бұл тартудың біріншісі – «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих», «Жаһан таныған жеті тұлға» атты кітаптар мен «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсаукесері оқушылар сарайында өтеді.

Екіншісі, «Қазмұнайгаз» компаниясының ғимаратынан бастау алып, «Нұржол» гүлзары бойымен «Бәйтерек» алаңына дейін созылатын «Түркі елінің түп тамыры – Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» деп аталатын ежелгі тарихтан сыр шертетін мәдениет керуені жүріп өтеді.

Үшіншісі, «Бәйтерек» алаңында 600 жас домбырашы күй тарту етеді.

Төртіншісі, Оңтүстік Қазақстан облысы жастары «Құрбан айт» мерекесіне орай, қоғамдық көліктерде, адам көп шоғырланатын жерлерде 5 мың адамға бауырсақ пен тәтті тоқаш таратады.

Бесіншісі, «Құрбан айт» мерекесінің бірінші күнінде этноауылда 5 мың адамға арналған палау пісіріледі, «1 қауын, 1 қарбыз» атты қайырымдылық шара ұйымдастырылып, тұрмысы төмен отбасыларға жалпы көлемі 40 тоннаға жуық қауын-қарбыз тегін таратылады.

Алтыншысы, «Бәйтерек» монументінің алдында оңтүстік Қазақстандық өнертапқыш Бөкебаев Еркінбек құрастырған қазақ арбасымен елорда тұрғындары мен қонақтарына айттық дәм ұсынылады.

Жетіншісі, 1-2 қыркүйек күндері екі қабатты ағылшын автобустарымен елорданың адам көп шоғырланатын жерлерінде, «Мәңгілік ел», «Сарыарқа» және т.б. басты көшелерінде музыкалық шеру ұйымдастырылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз