Роман Скляр: Ұшаққа мұз қату – апаттың басты себебі болуы мүмкін

0
56
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр. 10 қаңтар, 2020 жыл.

10 қаңтар күні Нұр-Сұлтанда үкімет комиссиясы Bek Air ұшағы апатына байланысты комиссияның алдын ала қорытындысын жариялады.

Комиссия жетекшісі премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, ұшаққа мұз қату апаттың басты себебі ретінде қарастырылып отыр. Комиссия төрт болжамды қарастырған.

“Біріншіден – әуе кемесіне коммерциялық жүкті тиеу кезінде ереже сақталмауы, ұшақтың тепе-теңдігінің бұзылуы, екіншіден – ауа райы жағдайы, үшінші – ұшақты басқаруда экипаж қателігі, төртінші – техникалық ақау” деді Скляр.

Оның айтуынша, коммерциялық жүк тиеу бойынша ереже бұзылмағаны анықталған. Комиссия мүшелері желдің екпіні тұрақты болғандықтан ол ұшаққа әсер етпеген деп санайды.

Склярдың айтуынша, ұшар алдында Bek Air ұшағын мұз қатырмайтын арнайы сұйықтықпен жартылай ғана “өңдеген”. Ұшақтың қанаттарына сұйықтық тимеген.

“Комиссия тұрақта шамамен екі тәулік тұрған әуе кемесінің бетіне мұз жиналып қалу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Метеорологиялық ақпараттар мен борттық тіркегіш деректерді талдай отырып, ұшаққа мұз қату апаттың басты себебі ретінде қарастырылып отыр” деді Роман Скляр.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлап, сол маңдағы үйге соғылған. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен. Ұшақ соғылған үйдің жаңадан салынып жатқаны, апат кезінде үй ішінде адам болмағаны хабарланған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз