СІМ жоғары жалақы ұсынатын алаяқтардан сақ болуға шақырды

0
105
дереккөзден

Чехияға жұмысқа құжат рәсімдеген қазақстандықтар алаяқтардың арбауына түсіп қалды.

“Осы жолы Чехияға жұмысқа барушыларды арбап уыстарына түсірген алаяқтық турасында белгілі болды. Аталған алаяқтық әрекет салдарынан шамамен 20 адам зардап шекті. Бұл адамдар алаяқ фирмалар арқылы Қазақстаннан туристік визалар алып, Чехияға жұмыс істеуге жол тартқан. Яғни туристік визалар арқылы Чехияда жұмыс істеу оның мерзімін созу яки қайта рәсімдеу – мүмкін емес”, – деп мәлімдеді 19 қараша Астанадағы Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында СІМ баспасөз қызметінің басшысы Айбек Смадияров.

Смадияровтың айтуынша, мұндай мәселелерге ұрынған қазақстандықтар күрделі жағдайға түсіп, тіпті артқа қайтуға билет алуға мүмкіндіктері жоқ.

“Осы себептен біз қазақстандықтарды еңбекпен қамту бойынша фирмаларға жүгінгенде абай болуға шақырамыз және туристік визалар  арқылы Еуропа елдерінде жұмысқа тұру мүмкін еместігін ескертеміз”, – деп мәлімдеді А. Смадияров.

Бұған дейін БАҚ-та бірқатар Қазақстан азаматтары шетелге жоғары еңбекақы береміз деп шақырған халықаралық алаяқтардың арбауына түскені туралы ақпар тараған еді. А. Смадияров “Осындай арбауға түсіп қалып, еліміздің бірқатар азаматтары Ұлыбританияға бару үшін ауқымды қаражат салып, соңында көк тиынсыз қалды”, – деп мәлімдеді.

 

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз