Әскерилерге баспана беру жайы Мәжілісте талқыланды

0
83
ашық дереккөзден алынды

Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен төменгі палатаның кезекті пленарлық отырысында әскерилерге арналған тұрғын үй және халықаралық автожол туралы заң жобалары мақұлданды.

Отырыс барысында баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров  “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР Заңының жобасы негізінде әскерилерге баспана беру жайын талқылады.

«Аталған заң жобасындағы келесі жаңашылдыққа сәйкес әскери қызметін өтеу барысында қаза тапқан немесе дүниеден өткен әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешіледі. Аталған отбасыларға шейіт болған әскери қызметші қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде бір жолғы ақшалай өтемақы төленеді. Сонымен қатар заң жобасына сәйкес әскери қызметін өтеу барысында жарымжан болып қалған немесе ауыр дертке шалдыққан қызметінен әскери себеппен шығарылған әскери қызметшілерге баспана беру мәселесі қарастырылады», – деп мәлімдейді Т. Мұхтаров. Бұл санаттағы әскери қызметкерлерге де жоғарыда аталған өтемақы қарастырылған.

Бұдан өзге тағы бір жаңа заң нормасы мәлімделді. «Жабық әскери қалашықтар мен заставаларда орналасқандықтан, жекешелендіруге жатпайтын қызметтік баспаналармен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге қатысты. Заң жобасы бойынша оларға сол өңірде тиесілі тұрғын үй төлемдері ай сайын 50% көлемінде аударылатын болады. Бұл әділетті болып табылады. Себебі, мемлекет аталған әскери қызметкерлерді тегін қызметтік баспанамен қамтамасыз етеді, олардың коммуналдық төлемдерін де толығымен мемлекет көтереді », – деп мәлімдеді Мұхтаров. Қорғаныс министрі орынбасары атап өткендей, аталған әскери қызметшілерге мемлекет беретін 50% көлемдегі тұрғын үй төлемдерін жинақтап, банктердің ипотекалық несиелендіру бағдарламаларына қатысу мүмкіндектері бар.

Зейнет 60 жасындағы әскерилердің тұрғын үй төлемдері   көмегімен баспана алу мәселесін қозғаған Мұхтаров әскери қызметшінің зейнетке шығуына санаулы жыл қалса, сол уақытта төленетін тұрғын үй төлемдері баспанаға қол жеткізуге жетпейтінін айтып өтті.

«Сондықтан заң жобасында бұл санаттағыларға зейнеткерлікке шыққан кезде баспанаға мұқтаж болған бұрынғы бүкіл кезеңіне тұрғын үй  төлемдерін есептеп бір жылғы аудару барысы туады», – деп атап өтті Т. Мұхтаров.

Өзге өңірге жіберілген, бірақ бұрынғы орнында  пәтер алып, несие рәсімдеген әскерилерге тұрғын үй төлемі қалай төленетінін баяндаған Мұхтаров «Ратацияланатын әскери қызметшілердің төлем қабілетін қамтамасыз ету мақсатында олар үшін ипотекалық келісім шарты рәсімделген өңірдегі тұрғын үй төлемдерінің мөлшері бұрынғы көлемде сақталады. Сондай-ақ әскери қызметшіге ол баспанасын жалға беріп, түскен қаражатқа жаңа қызмет орнынан тұрғын үй жалдап алуға құқық беріледі», – деп мәлімдеді.

Атап өтерлігі, Мұхтаровтың айтуынша жаңа заң жобасы баспананы қажет етуші әскери қызметшілерге қысқа уақыт мерзімінде кез келген өңірде әрі өз таңдауы бойынша төл баспанасына қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Аталған заң жобасы ҚР Қарулы күштерінің және барлық құқық қорғау органдарында баспанасыз жүрген 60 мыңнан астам әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған. Әрі Мұхтаров мәлімдегендей, аталған заң жобасы бюджет қаржысын тиімді қолдануға жағдай жасамақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз