Техастағы шіркеуде жаппай атыс болды

0
100

Америкадағы Техас штатының Сазерленд-Спринг қаласындағы баптист шіркеуінде болған атыс-шабыс нәтижесінде 20 адам қаза тауып, 30 жараланған. Бұл туралы BBC хабарлайды.

Өзге ақпарат көздері атыс нәтижесінде 27 адам қаза тауып, 24 жараланған деп береді.

АҚШ президенті Дональд Трамп қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, Жапонияда мемлекеттік сапарда жүрсе де, жағдайды қадағалауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

«Құдай Техастағы Сазерленд-Спринг тұрғындарына жар болсын! Тергеу Федералды Бюросы және құқық қорғау органдары оқиға орнында. Мен жағдайды Жапониядан бақылап отырмын», – деп жазды Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында (Twitter).

Анықталған деректер бойынша, шабуыл жасаған – аққұбаша келген, тұтастай қара киініп, оққағар жилетін киіп,  оқтаулы мылтықпен келген жас ер адам жергілікті уақыт бойынша сағат 11.30-да Сазерленд-Спрингс қалашығындағы (халық саны шамамен 400 адам) шіркеу ғимаратына кіріп, оқ атқан.

Бұл уақытта шіркеуде жексенбілік қызмет жүріп жатқан. Полицияның мәліметінше, қаза тапқандар – 5 және 72 жас аралығындағы адамдар.

Шабуыл жасаған ер адамның аты-жөні ресми баяндалмағанымен, америкалық БАҚ-тың көбі шабуыл жасаған АҚШ-та қызметінен қуылған Дэвин Патрик Келли деп жарыса жазуда. Дегенмен, шабуылшы туралы ресми ақпарат әлі берілмеді.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз