Әзірбайжанға астық экспортын қалпына келтіру жайы талқыға салынды

0
68

16 қараша Бакуде Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының хатшылығы.

А. Мамин Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Әзірбайжан басшысына сәлемін жеткізді. И.Әлиев сондай-ақ Қазақстан Президентіне сәлем жолдап, ағымдағы жылдың сәуір айында Бакуге ресми сапарының маңыздылығын атап өтті. Бұл Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының одан әрі дамуына айтарлықтай серпін берді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты дамытудың келешегі талқыланды.

«Әзірбайжан  Кавказ аймағындағы Қазақстанның ірі стратегиялық серіктесі », – деп атап өткен А. Мамин «қазіргі уақытта Қазақстан-Әзірбайжан қарым-қатынастары өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық салаларында жоғары даму әлеуетіне ие», – екендігін алға тартты.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Қазақстан-Әзірбайжан үкіметаралық комиссиясының 2017-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Жол картасын әзірлегені туралы хабарлады.

И.Алиев Транскаспий халықаралық көлік қатынасының әлеуетін құру және Баку-Тбилиси-Карс бағыты бойынша Қазақстанның маңызды рөлін атап өтті.

Кездесу барысында екі елдің көліктік-логистикалық, теміржол көлігі құрылысы  салаларындағы ынтымақтастығының жетістігі аталып өтті.

«Қазіргі заманғы логистикалық инфрақұрылыммен және жеткізу жылдамдығымен әрі бағасымен сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету транзиттік дәліздерге қатысушы елдерге жаңа нарықты игеруге және жүк ағындарын тартуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті осы бағытта А. Мамин.

Тараптар Ақтау, Құрық және Алат сауда порттарының қызметін коммерциялық тартымдылығын арттыру үшін барлық қажетті жағдайларды синхрондау қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында тараптар тауар айналымын арттыру және қазақстандық астықтың Әзірбайжанға экспортының бұрынғы көлемін жылына 1 млн. тоннаға дейін қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдауға келісті.

Сондай-ақ тараптар инвестициялық салада, аграрлық және өнеркәсіптік секторда, мұнай-газ саласында ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Сабина Сайлаубай

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз