Қазақстан 20 қыркүйекте Қырғызстанмен әуе қатынасын қайта бастайды

0
207
Ұшақ. Көрнекі сурет.

Қазақстан 20 қыркүйектен бастап Қырғызстанмен әуе қатынасын қалпына келтіреді. Бұл жөнінде Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайты хабарлады.

Бұл шешімді қабылдауға Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстары мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының картасындағы жалпы эпидемия ахуалының жақсаруы негіз болған.

Ұшақтар аптасына екі рет Алматы – Бішкек бағытында ұшады.

Министрліктің хабарлауынша, рейстерде санитарлық-эпидемиялық талаптар қатаң сақталады.

Осы жылы коронавирус инфекциясы тарағалы Қазақстан эпидемия ахуалы нашар елдерден ұшып келуге және кетуге шектеу қойған.

Мұның алдында Қазақстан эпидемия ахуалы бойынша 1-санаттағы елдер – Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Грузия, Тайланд, Венгрия, Үндістан, Германия, Чехия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Беларусь, Түркия, Египет, Украина, Нидерланды және Ресеймен арада барыс-келіске рұқсат берген.

Екінші санатқа Польша, Өзбекстан мен Тәжікстан енгізілген. Бұл елдерден және үшінші санаттағы елдерден келетін эвакуациялық, чартерлік рейс жолаушылары бес тәуліктен аспайтын уақыт аралығында ПТР әдісімен жасалған Covid-тің жоқтығын растайтын анықтамасын көрсетуі керек. Анықтама болмаған жағдайда жолаушы 48 сағат ішінде міндетті түрде тест тапсыруы не 14 күн үй карантинінде болуы керек.

Қырғызстан үшінші санаттағы елге жатқызылып, екі арада рейстерге рұқсат болмаған.

17 қыркүйектегі мәлімет бойынша Қырғызстанда 45 153 адам Covid жұқтырып, 1063 кісі осы дерттен қайтыс болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз