Қырғыз элитасы Атамбаевтан шаршады – Айдос Сарым

0
71
ашық дереккөз

Белгілі саясаткер Айдос Сарым kazaknews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қырғызстанда Атамбаевты дербес құқықтылығынан айыру туралы ұсынысқа пікір білдірді. Саясаттанушының айтуынша, Қырғызстан Парламентінің басым бөлігі билеуші партияның өкілдері (яғни Атамбаев құрған Социал демократиялық партия) Атамбаевты Қырғызстанның экс-президенті мәртебесінен айыру туралы келісімге дауыс беруде бірізділік танытуының өзі қырғыз элитасының Атамбаевтан шаршағандығын көрсетеді.


Алмазбек Атамбаевты дербес құқықтылығынан айыру туралы ұсыныстардың айтылуы сондай-ақ ондағы депутаттардың бірізділігі бұл – саяси ритастың ішіндегі талас-тартыстың күшейе түскенін байқатады. Осыны анық көріп отырмыз. Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбековты тағайындаған кезде, Атамбаев сол кісі арқылы елдегі билікті ұстап отыра беремін, елдегі саяси іс-қимылға ықпал ете беремін, ол менің айтқанымнан шықпайды деген оймен оған «ставка» қойған сияқты. Дегенмен, әр адам –   өзі тұлға, өзі қайраткер. Соңғы кезде Сооронбай Жээнбековтің көрсетіп отырған саяси жолдары, саяси көрсеткіштері өзінше бөлек, жеке дара тәуелсіз саясаткер болатынын көрсеткісі келеді. Сол себепті президент әкімшілігінің жетекшілерін, күштік құрылымдардың жетекшілерін ауыстырып жатыр. Атамбаев басқаратын Социал демократиялық партияның ішінде де жұмыс жасап жатыр.

Қырғызстан Парламентінің басым бөлігі – билеуші партия, (Социал демократиялық партия) солардың өзінің Атамбаевтың статусын алып тастау туралы келісімге дауыс беруде бірізділік танытуының өзі де қырғыз элитасының Атамбаевтан шаршағандығын көрсетеді. Оның өрескел жүрістері, тұтқиылдан айтып қалатын сөздері Қырғызстанға зиянын тигізіп отырғанын, менің ойымша, көзі ашық қырғыздың азаматтары түсініп отырған сияқты. Сол себепті де Атамбаевты саясаттан аластату тұрғысында жасалып отырған іс-әрекеттер деп есептеймін. Оның нәтижесі әрі қарай қалай өрбитінін көре жатамыз.

Бүгінде Атамбаевтың өзі де үлкен күш болып отыр. Оның биліктегі жақтастары, билікке өзі тағайындаған азаматтардың саны да көп. Бүгінгі үкіметтің ішінде де оның жақтастары жоқ емес. Сондықтан алдағы уақытта қандай нәтижеге келетінін, бұл шиеленістің қандай бағытта өрбитінін көретін боламыз. Бірақ бүгінгі күні Жээнбековтың жүргізіп отырған саясаты Қырғызстанның мүддесіне жалпы саяси нарықтағы, экономикалық нарықтағы рөлін жақсы түсінгендіктен, Орта Азия елдерімен дұрыс қарым-қатынас орнатуға бағытталған саясаттарын өз басым қолдаймын және бұл дұрыс деп есептеймін.

Егер аталған заң қабылданатын болса… Атамбаевтың осал адам емес екені сол бастан байқалып отырды. Ол бұрынғы премьер-министр Сапар Исақовты қазіргі президентке (Сооронбай Жээнбеков) қарсы қойып қойды. Біраз айып тағып тастады. Қазіргі уақытта Қырғызстанда басқа да ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Атамбаевқа қарасты баспасөз құралдары қазіргі президент пен қазіргі үкіметті жамандап, қаралап жатқан сыңайы бар. Оны да айқын көріп отырмыз.

Жалпы Қырғызстандағы және оның аймақтарындағы шынайы нағыз билік, билік органдарында, билік құрылымдарында емес, соның айналасында жүрген мемлекеттік бюджетте немесе кедендік басқа да көліктік энергетика саласын меңгеріп алған бейресми топтардың қолында екенін оның ішінде қылмыстық топтардың қолында екенін жақсы білеміз. Бұл тұрғыда нақты осындай конституциялық шешім бар деп айту қиын. Сарапшылар әр-түрлі пікір айтып жатыр. Дегенмен, мәселенің дұрыс шешілгені бізге тиімді. Қырғызстанның бүлінгені, Қырғызстандағы жағдайдың нашарлап, ушығып кеткені аймақтағы ешбір елге қажеті жоқ нәрсе. Сол себептен оның саяси өрелері саяси мәдениеті биік болады деп үміттенеміз.

Сұхбаттасқан kazaknews.kz тілшісі Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз