Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдерімен кездесті

0
171
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Ақорда. 10 маусым. 2019 жыл

10 маусым күні Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Жиынға жалпы саны 66 отандық және шет елдік журналист қатысты. 

“Сайлау ашық әрі әділ өтті деп ойлаймын”

“Сайлау әділ әрі ашық өтті деп санаймын. Сайлауға 7 кандидат қатысып, олардың барлығына да теңдей жағдай жасалды, мүмкіншілік берілді. Қазақстан халқы сабақтастықты қолдайды”, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы митингілерге қатысты не деді?

“Расында да Алматыда және елордада өз пікірлерін білдіріп, көшеге шығып, наразылық шараларына қатысып және тағы басқа әрекеттер жасағандар болды. Қазақстан заңнамасы бойынша, Бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, бұл әрекеттердің барлығы заңсыз емес деп танылуы мүмкін. Ерік білдіру жайлы айтатын болсақ, Қазақстанда мұндай еркіндік толықтай бар”, – деді президент.

Президентті ұлықтау рәсімі қашан өтеді?

“Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру қорытындыларын шығару міндетін атқарса және ресми есепті жарияласа, Президент ұлықтау рәсімін 12-сі  өткізуді жоспарлап отырмыз. 14 маусымда Бішкекке ұшып, одан әрі Душанбеге ірі халықаралық іс-шараларға аттануым қажет. Бұл  шараларға толық өкілеттілігі бар президент ретінде қатысу қажет”, – деді Тоқаев.

Жемқорлық та назардан тыс қалмады

“Сыбайлас жемқорлық – өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда, дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам боп күресуіміз керек. Әйтпесе кеш қалуымыз мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен  алып мемлекеттердің құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық”, – деді ол.

Мемлекет басшысы кездесу соңында шет елдегі қазақ қандастарға сәлем жолдады.

Еске салайық, 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, онда Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Бұл 6 миллион 504 мың 54 дауыс.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз