Бағдат Мусин цифрлық даму министрі қызметіне тағайындалды

0
192
Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен. Photo: akorda.kz

2 қыркүйек күні Бағдат Мусин президент жарлығымен цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Мусин бұған дейін ресми түрде ведомство жетекшісінің орынбасары болып, министрдің міндетін уақытша атқарған еді.

Министр Мусин шілде айында қызметінен кеткен Асқар Жұмағалиевтің орнын басты. Маусым айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты бірнеше қала мен облыс әкімдеріне, ведомство басшыларына сөгіс жариялаған еді. Олардың арасында Асқар Жұмағалиев те болған.

Мусин Бағдат Батырбекұлы 1983 жылы 3 наурызда Павлодар облысының Екібастұз қаласында туған. Сүлеймен Демирел атындағы университетті “инженер-жүйе технигі” мамандығы бойынша, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын “заңгер” мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын инженер-бағдарламашы болып бастаған. Әділет министрлігінің “Республикалық құқықтық ақпарат орталығы” РМК АЖ сүйемелдеу бөлімінің бастығы, әділет министрлігінің экономика және қаржы департаменті ақпараттық технологиялар басқармасының бастығы болып жұмыс істеген. Байланыс және ақпарат министрлігінің құрылымында басшылық қызметтерде болған. “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ, “Қазпошта” АҚ, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетін басқарған.

2018 жылы бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті басшысы қызметінен өз еркімен кетті. Ол сол уақытта денсаулығына байланысты және бизнес жобаларын жүзеге асырғысы келгендіктен мемлекеттік сектордан кететінін айтқан еді.

Осы жылдың наурыз айынан Қазақстан президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз