ЕуроОдақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Астанаға келеді

0
89

21-22 ақпанда Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі Петер Буриан Астанаға сапармен келеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз конференциясында Айбек Смадияров мәлімдеді. 

“Сапар барысында Петер Бурианның еліміздің Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ Парламент Сенаты мен Мәжіліс басшылығымен екіжақты кездесулері жоспарлануда. Келіссөздердің негізгі тақырыбы тараптар үшін сыртқы саяси басымдықтардың бірі болып табылатын Қазақстан, Орталық Азия және Еуропалық Одақ арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту және нығайту болмақ. Белгілі болғандай, жақын арада өз күшіне толық енуі тиіс Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім тараптар арасындағы байланыстардың басым бағыттарының бірі болып табылады”, – деді баспасөз хатшысы.

Бұл келісім Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасында қарым-қатынастардың жаңа парағын ашады және Келісімде көзделген өзара әрекеттесудің 29 саласы бойынша ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтеді. Бүгінгі күні Еуропалық Одаққа мүше 28 мемлекеттің 25-і бұл Келісімді ратификациялаған болатын.

“Тек Италия, Нидерланд және Кипр тараптарынан құжаттың ратификациялануын күтудеміз”, – деп толықтырды Смадияров.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз