Қазақстан Қытайға дипломатиялық нота жолдады

0
81

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар расталды. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қытай тарапына дипломатиялық нота жіберді. Бұл туралы бүгін министр Қайрат Әбдірахманов тілшілердің сұрағына жауап беру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Қазақстан ұлттық арнасы.

Айта өтейік, бұрын «Шыңжаңда қазақтарды ұстап жатыр, олардың қатарында Қытайдан тарихи Отанына оралып, Қазақстан азаматтығына ие болғандар да бар» деген ақпарат тараған еді. Балаларымыз жазықсыз қамауда отыр деген ата-аналар ел үкіметінен көмек те сұраған болатын.

«Бұл мәселені өзіміздің бақылауымызда ұстап отырмыз. Өйткені, ұсталған азаматтардың туыстары бізге қажетті мәліметтерді берді. Ол мәліметтер расталған соң, Қытай тарапына ресми түрде дипломатиялық арналар арқылы дипломатиялық нота жібердік. Толық мәлімет алған соң, оның барлығын бізге өтініш білдірген Қазақстан азаматтарының туыстарына міндетті түрде береміз. Біз олармен де тығыз байланыстамыз»

, – деді Қайрат Әбдірахманов.

ТАРИХИ ОТАНЫНА ОРАЛҒАН ҚАНДАСТАРЫМЫЗ ДА ҚЫСЫМ КӨРУДЕ

Аспанасты еліндегі жергілікті қазақтар ғана емес, тарихи отанына оралып, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымыздың да басына қара бұлт үйірілген еді. Белгілі бір себептермен Қытайға барған Қазақстан азаматтарының қысымға ұшырап жатқаны туралы ақпараттың ел кезіп жүргеніне біршама уақыт болды.

Atameken Business Chanel-дің хабарлауынша, өткен жылдың соңында Қытайдағы қандастарымызға қатысты мәселені алғаш болып сенатор Нұрлан Қылышбаев көтерген. Сенат депутаты аталған мәселенің қаншалықты шындыққа жанасатындығын анықтауды сұраған болатын.

«Ақпараттық кеңістікте, әлеуметтік желілерде Шыңжаңда қоныс тепкен бір жарым миллионнан астам қандасымыздың заңдық құқықтарының шектелуі туралы әңгіме кең таралуда. Шынымен де Қытайдағы этникалық қазақтар қысым көруде ме? Бұл іске сыртқы істер министрлігі араласып, мән-жайды анықтауы керек», – деп мәлімдеген болатын сенатор Қылышбаев.

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар 2017 жылдың сәуір айынан бастап тарай бастаған. Сондай-ақ, бұл мәселе 2017 жылдың 23 маусымында Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында айтылған болатын. Қытайдағы қандастарымыздың қысым көріп жатқандығы туралы мінбеге шыққан Германиядан келген бауырымыз Өмірхан Алтын мемлекет басшысының алдында айтып берді.

«Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына және халықаралық адам құқықтарына қайшы әрекет жасап отыр. Қытайдағы бауырларымыздың құқықтары тапталуда. Ол қиын-қыстау кезеңді бастан кешуде. Сондықтан қиындыққа душар болып отырған ағайындарымызды да естен шығармайық», – деген болатын Өмірхан Алтын.

Құрылтайға қатысқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдай туралы білмегенін, енді бақылауда ұстайтынын айтқаны есімізде.

«Азаттық» радиосының хабарлауынша, қазақтар Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданының Іле-қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларда, Алтай, Тарбағатай аймақтарында, сондай-ақ тағы бірнеше өңірдегі қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында көп шоғырланған.

Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, елдегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың адам болған.

Ерлан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз