Рахмон,Саркисян,Бахтадзе Тоқаевты құттықтады

0
63
дереккөзден

Мемлекет басшысы Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Әңгімелесу барысында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының президенті лауазымына кірісуімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтағаны үшін Эмомали Рахмонға ризашылық айтып, Қазақстан мен Тәжікстанның өзара ықпалдастығы одан әрі қарқынды дами түсетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ, екі ел көшбасшылары бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтады.Телефон арқылы сөйлесуге Тәжікстан жағы бастамашы болды.

Бұдан өзге мемлекет басшысы Армения Республикасының президенті Армен Саркисянмен телефон арқылы сөйлесті.

Армения президенті Армен Саркисян Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтағаны үшін Армен Саркисянға ризашылық білдіріп, Қазақстанның Армениямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудағы саяси бағыты өзгермейтінін айтты.

Тараптар Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынастарды қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтті. Телефон арқылы сөйлесуге Армения жағы бастамашы болды.

Сондай-ақ, Қ.Тоқаев Грузияның премьер-министрі Мамука Бахтадземен телефон арқылы сөйлесті.

Мамука Бахтадзе Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен құттықтап, Қазақстанды одан әрі өркендету жолында табыс және зор жетістік тіледі. Қ. Тоқаев құттықтағаны үшін М. Бахтадзеге ризашылық айтып, Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынастар екі ел халқының игілігі үшін одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Телефон арқылы сөйлесуге Грузия жағы бастамашы болды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз