Тоқаев Ақордада баспасөз хатшысы мен кеңесшісіне медаль тақты

0
169

12 желтоқсан күні Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік мерекесіне орай ел азаматтарын мемлекеттік наградалармен марапаттады. 

Наградталғандардың қатарында президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мен кеңесшісі Ерлан Қарин бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесшісі Ерлан Қаринмен.

Сонымен қатар өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

“Қазақстанның Еңбек Ері” атағы мәдениет саласындағы еңбегі үшін Роза Рымбаеваға берілді.

Президент Тоқаев әнші Роза Рымбаеваға медаль тағып жатыр.

Өндірістік қызметтегі еңбегі үшін “Қазақстанның Еңбек Ері”  атағы “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС филиалы – “Жезқазғантүстімет” ӨБ кен өндірістік кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Макишевке де берілді.

Президент Тоқаев композитор Ілия Жақановтың қолын алып тұр.

“Отан” орденімен жазушы И.Жақанов, “Alageum Electric” холдингтік компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы С.Қожабаев, Ақтөбе облысы “Казхром” ТҰК” АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры В.Тиль марапатталды.

І дәрежелі “Барыс” орденін Парламент Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов, ғалым және қоғам қайраткері Ә.Ахметов, жазушы Т.Әбдікұлы иеленді.

Жазушы Төлен Әбдік І дәрежелі “Барыс” орденімен марапатталды.

Дәл осы орденді иеленген “Бөбек” балалар қорының президенті С.Назарбаева марапатты алуға келмеді.

“Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағы ғылым және мәдениет саласының 36 көрнекті өкіліне берілді, олардың ішінде белгілі әншілер Т.Асар мен Д.Құдайберген, ғалым А.Жұмаділдаев, киноактер Н.Есімғалиев, дирижер Р.Салаватов, балет әртісі Н.Семенова және басқалар бар.

Әнші Тамара Асар “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атанды.

Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 72 жұмысшысы мен еңбеккері ІІІ дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденінің иегерлері атанды, атап айтқанда,  Ақмола облысы “Хлебороб” ЖШС механизаторы М.Боранбаев, Маңғыстау облысы “Жайлау” ЖШС бас шопаны Е.Өтесов, “ҚТЖ Жүк тасымалдау” АҚ филиалы Жамбыл пайдалану локомотив депосының жөндеушісі Н.Хомутенко және басқалар.

“Жайлау” ЖШС бас шопаны Е.Өтесов “Еңбек Даңқы” орденін иеленді.

Жиын біткен соң марапат иелері мен президент жалпы суретке түсті.

Abdimanap KENES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз