Тоқаев үкіметке екі апта уақыт берді

0
88
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Photo: akorda.kz

10 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, жұмысын тиісті деңгейде атқармаған үкіметтің жалпы құрамына ескерту жасап, жағдайды түзеуге екі апта уақыт берді. 

– “Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде  бірқатар өрескел  қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады. Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек. Тергеу жүргізу қажет болатын болса, “СҚ Фармация” басшылығын жұмыстан босату керек. Соңғы кездері міндетті медициналық сақтандыру қоры төңірегінде әңгіме көп. Аталған қорға байланысты түрлі қауесеттер мен өсек әңгімелер болмауы үшін оның басшылығына өзін сөзбен емес, іспен көрсететін адамды қою керек. Үкімет өз тарапынан қордың жұмысына талдау жасауға тиіс”, – деді Тоқаев.

Президент Тоқаев пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрінің нұсқаулары мен талаптарын үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер бірінші кезекте орындауы тиіс екенін айтты.

– “Екі аптадан (карантин біткеннен) кейін жағдай жақсарады деп үміттенемін. Егер олай болмаса, үкіметтің қазіргі құрамының жұмысына байланысты мәселе туындайды”, – деп мәлімдеді Тоқаев.

Қазақстанда маусымның орта шенінен бастап коронавирус індеті өршіп, вирус жұқтырғандар мен өлім-жітімнің күрт көбейіп кеткен соң билік 5 шілдеде елде екі апталық карантин жариялады. Оның алдында Қазақстанда коронавирусты тоқтату үшін 16 наурыз – 11 мамыр аралығында төтеншей жағдай режимі жарияланып, жұрт екі айдай қатаң карантинде отырды.

29 маусымда Ақордада өткен кеңесте Тоқаев коронавирус инфекциясына қарсы үкіметтің жұмысын сынаған болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз