Қазақстандық велошабандоздар Токиода Винокуровтың жеңісін қайталай ала ма?

0
73
Қазақстандық велошабандоздар.

Қазақстандық велошабандоздар 2020 жылы Токиода (Жапония) өтетін Олимпиада ойындарына үш жолдама жеңіп алды. Бұл туралы Халықаралық велшабандоздар одағының (UCI) хабарлады.

Олимпиада регламентіне сәйкес жолдама мемлекеттердің әлемдік рейтингтегі иеленген орнына байланысты берілген. Рейтингте ұпай жинау 2018 жылдың 22 қазанынан бастап 2019 жылғы 22 қазан аралығында өткен.

Осы уақытта Қазақстан 3259.35 ұпай жинаған. Бұл Қазақстан құрамасына әлемдік рейтингте 19-орынға жайғасуға мүмкіндік берген.

Атап өтейік, 1 орында Франция, 2 орында Бельгия және Италия командасы үздік үштіктің қатарын толықтырды.

Қазақстан құрамасының осы көрсеткішінің нәтижесінде командаға  үш жолдама берілген.

Сонымен қатар, берілген жолдамаларды UCI ресми түрде растады. Осылайша, 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарында топтық жарыс бойынша үш шабандоз Қазақстан атынан жарысқа қатысады. Осы үштік арасынан тағы бір шабандоз жекелей жарысқа қатыса алады.

“Афинада (2004) өткен Олимпиада ойындарынан кейін топтық жарыста Қазақстан атынан алғаш рет үш шабандоз өнер көрсетеді. Айта кетуім керек, осыған дейінгі өткен олимпидаларда Қазақстан құрамасының атынан екі спортшы ғана қатысатын. Ең алдымен мұның барлығы бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі. “Астана” велокомандасы үлкен үлес қосты. Сонымен қатар құрлықтық “Астана-Сити” және Vino – Astana Motors командаларының қосқан үлесін де атап өтуіміз керек. Қажетті ұпайды жинау үшін барлығы тер төкті. Олимпиада алдындағы маусымда тек осыған басты назар аударылды. Тапсырманы толықтай орындап шықтық деп айтуға болады. Маңызды қадамдардың бірі Ташкентте өткен Азия чемпионатында жасалды. Онда біздің шабандоздар өздерін жақсы қырынан көрсете алды. Ерлер арасында өткен жарыста спортшылар үш алтын жүлде жеңіп алды.  Сонымен қатар Алексей Луценконың маусымды тамаша өткізгенін атап өткім келеді. Шабандозымыз Қазақстан қоржынына жалпы Азия құрлығының бір де бір мемлекеті жинай алмаған ұпайды тек жалғыз өзі әкелді”, – деді Қазақстан Велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Айта кетейік, Токио Олимпиадасының тас жолдағы велоспорттан өтетін сайысына жалпы 197 спортшы қатысады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз