Әскери полиция бөлімінің офицері ультрамарафонда жаңа рекорд орнатты

0
119

Әскерилер арасындағы марафонда “Қарағанды-Жаңаарқа” бағыты бойынша 200 шықырым қашықтықты Қарағанды гарнизонындағы әскери полиция бөлімінің офицері аға лейтенант Заңғар Әлкенов сәтті аяқтады. Марафонды жоспар бойынша 48 сағатта бітірмек болып, бірақ 35 сағат 11 минут 52 секундта өтіп ҚР Қарулы Күштері офицерлерінің арасында жаңа рекорд орнатты. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады. 

Марафон толықтай онлайн режимде қадағаланды. Жүгірушінің бағыты мен уақыты навигациялық платформа көмегі арқылы бақыланды. 200 шақырымдық жолдың басынан аяғына дейін әскери қызметкер жанында медицина мамандарымен әскери полиция органының өкілдері болды. Жаңа рекорд иегерін мәре сызығында отбасы мүшелері, жақын туыстары және Жаңаарқа ауданының тұрғындары қазақы шапан жауып, шашу шашып қуанышпен қарсы алды. 

photo: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

“Марафонның бірінші күні 100 шақырым қашықтықты жүріп өтуді жоспарладым, бірақ өзімді жақсы көрсеткішке қол жеткізетінімді сезініп 130 шақырым қашықтықты жүріп өттім. Екінші күнге 70 шақырым қашықтықты қалдырдым. Ең қиыны соңғы 20 шақырым болды, алайда мен оны жеңдім”, – дейді Заңғар Әлкенов. 

Қашықтыққа жүгіруді әдет қылған аға лейтенант Заңғар Әлкенов алғаш рет 15 шақырымнан бастап, содан кейін 21, 42, 75, 83 шақырым қашықтықты  бағындырған. Бұған дейін ультрамарафондағы жеке рекорды 130 км болған. 

Әскери қызметшіге 200 шақырымдық ультрамарафонды бағындырғанын дәлелдейтін сертификат маниторинг пен тиісті құжаттарды рәсімдегеннен кейін беріледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз