Велоспорттан Қазақстан құрамасы Азия чемпионы атанды

0
61

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында велоспорттан Азия чемпионатында Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы алтын мен күміс медальды жеңіп алды.

Бұл жарыс осымен 39-рет ұйымдастырылып жатыр.

Еліміздің велоспорттан ерлер құрамасы құрлық біріншілігінде жеңіске жетті. Команда сапында  Юрий Натаров, Артем Захаров, Дмитрий Груздев, Евгений Гидич, Жандос Бижігітов және Даниил Фоминых өнер көрсеткен.

Бұл сында екінші орынға Оңтүстік Корея ие болса, қола медальға Гонконг командасы қол жеткізді.

Ал Қазақстанның әйелдер құрамасы екінші орын алды. Қазақстан намысын Наталья Сайфутдинова, Амилия Искакова, Фаина Потапова, Махаббат Үмітжанова, Виктория Пастарнак және Жанерке Санақбаева қорғады.

Zhasalash  сайтының жазуынша, Қыздар Оңтүстік Кореяға есе жіберіп, Гонконг спортшыларынан озып кетті.

Азия чемпионатының алдында велоспорттан ұлттық құраманың бас бапкері Асан Базаев екі медаль жеңіп алуды көздеп отырғанын айтты. Сол тапсырма жүзеге асты.

“Біз командалық жарысқа дайындалдық. Қазақстан командасы сапында Азияның үздіктері жиналған. Жігіттер жарыс жолын бір деммен жүріп өтті. Бұрылыс кезінде біздің нәтиженің жақсы екенін білдік. Тап осындай көрсеткіш үшін келгенбіз”, – деді Асан Базаев.

Ал команданың жеңісіне үлес қосқан велошабандоз Артем Захаров команданың дайындығы жоғары болғанын жеткізді.

“Барлығы да сәтті өтті. Ауа райының да көмегі көп. Ал жарыс жолы айтарлықтай қиын болған жоқ. Тек жел ғана сәл әсерін тигізген шығар. Қазіргі көңіл-күйіміз керемет. Команда толығымен дайын болды. Жеке мен үшін Ташкенттегі Азия чемпионаты аяқталды. Тығыз кестеге байланысты енді тректен өтетін екі жарысқа дайындаламын”, – дейді Захаров.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз