Сарышағанда ресейлік зениттік зымыран сынақтан өтті

0
194
kremlinpress

Қарағанды облысының Сарышаған қаласында орналасқан әскери полигонда Ресейдің жаңартылған зениттік зымыраны сынақтан өтті.

Ресей Федерациясының (РФ) Қорғаныс министрлігі әуе қорғанысында қолданылатын зымырандық жүйенің жаңартылған версиясының сынақтан сәтті өткенін хабарлайды.

«Красная звезда» басылымында шыққан хабарға сүйенсек, РФ Әуе қорғаныс күштеріне қарасты әскери бөлімшелер Балқаш көлінің маңында орналасқан Сарышаған полигонында заманауи зымырандарын сынақтан өткізген.

РФ Әуе-ғарыш күштері генерал-майоры Андрей Приходьконың айтуынша, әуе қорғаныс жүйесінің жаңартылған зымырандары алдын ала белгіленген уақытта шартты нысанаға соққысын дәл дарытқан.

Зымыран жүйесі ғарыш кеңістіген бақылай отырып, Ресей астанасын әуе және ғарыштан келетін шабуылдардан қорғауға арналған. Келер қауіп жайында ескерту жасаумен қатар оны жойып жіберуге қауқарлы.


Сарышаған әскери полигоны Байқоңыр ғарыш айлағы секілді Ресей тарапына жалға берілген. 1996 жылы екі ел үкіметтері арасында қол жеткізілген келісімдер негізінде теріскейдегі көрші Сарышағанда әуе сынақтарын өткізіп, зымырандарын пысықтап келеді. Кеңес үкіметі кезінде 1956 жылдан бастап бой көтере бастаған Сарышаған қаласы мен оның маңындағы әскери полигон 1991 жылы егемендігін жариялаған Қазақстанның еншілігіне өткен болатын.

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз