Уақыт адам өмірінде шексіз кезең емес. Бірақ адамзат сол уақыттың ішінде өз орнын табуға тырысады. Жас ұрпаққа тұлға болып қалыптасу кезеңінен өту өте маңызды әрі қиын сәттердің бірі. Өйткені,адам өмірдің тәтті мен тұзшысын көре отырып азамат іргетасы қалыптасады. Іргетастың шыңнан берік айқын тасы – ұлт құндылығында. Данагөй жырау Қорқыт атамыз: “Адам өмірі – қамшының сабындай ғана қысқа екен, досы көп, ұрпақ тәрбиелеген ұтады екен.” – деп айтып кеткен екен.
Қазақта ұлттық құндылық – өткеннің принциптік жүйесін насихаттау емес,келер ұрпақтың болашағын таза әрі адал болудың тәрбиелік символы. Осы тұста Мұхтар Әуезовтің нақыл сөзімен бөліскім келеді: “Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады.”.
Ұлттық тәрбиенің қалыптасу қадамы алғашқыда отбасынан басталады. Ананың ақылы,ұстаздың нақыл сөзі,үлкендердің ізгілігі – баланың санасына үнтаспадай жазылады. Бала болып естіген нақыл сөздер, болашақта саналы шешім жасауға жол сілтейді. Тәрбие сырттан емес,ішкі сана мен ыстық жүректен білінеді. Ар-ұят, сөзге берік,намыс пен адалдық ұлттық тәрбиенің болмысы.
Қазіргі қоғамда жас буын түрлі ақпараттың ортасында өмір сүріп жатыр. Жақсысы да, зияны да көп. Осындай сәтте ұлттық тәрбие жас баланы жат құндылықтан арылтатын ішкі щитке айналады. Ол адамды шектемейді, керісінше, таңдау жасауға үйретеді. Өз ұлтын сыйлаған адам өзге мәдениетті де дұрыс түсіне алады.
Ұлттық тәрбиенің тағы бір нышаны – азаматтық позицияның пайда болуы. Ұлтын сүйген жас қоғамға бейжай қарай алмайды. Ол сұрақ қояды, зерттейді, жауап іздейді. Бұл саналы тұлғаны ояту ісі. Ал саналы тұлға болашақта мемлекеттің тірегіне айналады.
Ұлт тәрбиесін сіңірген ұрпақ өткенге өзін байлап қоймайды керісінше, өткен білгеннен қуат алып, болашақты қалыптастырады. Ұлттың ертеңгі егемендігі -жас ұрпақтың бойында. Ал бүгінгі ата-ананың міндеті саналы ұрпақты тәрбиелеу. “Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды.” Абай атамыз демекші,адам баласы ұлтқа ақыл айтпас бұрын,өз ақылын күштей білу керек.
Ұлттық тәрбие — ұрпақтың рухани иммунитеті. Ұлттык болашағы ұранмен емес,тәрбиемен өлшенеді. Тәрбие түзелмей, қоғам түзелмейді. Сондықтан ұлттық құндылықты сақтау өткенге табыну емес, ертеңге жауапкершілікпен қарау.
Аружан Ереже






