Қазіргі таңда қоғамда өзекті мәселелердің біріне айналған тақырыптың бірі – жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану. Бүгінгі күнде адамдар күнделікті өмірде түрлі сұрақтарына жауап алу үшін жасанды интеллектке, соның ішінде ChatGPT секілді платформаларға жиі жүгінеді. Тіпті бесіктегі баладан бастап, егде жастағы адамдарға дейін жасанды интеллекттің не екенін жақсы біледі. Алайда бұл үдерістің соңы немен аяқталмақ?
Ғалымдардың айтуынша, жасанды интеллектіні ең белсенді қолданушылар – жастар мен оқушылар. 2024 жылы жасанды интеллектті зерттеушілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде ғалымдардың 65 пайызы егер ЖИ бақылаусыз қалса, адамзатқа қауіп төнуі мүмкін деп есептейтінін айтқан. Дегенмен, сарапшылардың басым бөлігі жасанды интеллекттің пайдасы оның қауіпінен әлдеқайда басым екенін де атап өтеді.
Бүгінде оқушылар жасанды интеллектке тек оқу тапсырмалары бойынша ғана емес, өмірлік мәселелерге қатысты да жүгінеді. Ата-анамен болатын келіспеушіліктер, достар арасындағы түсінбеушілік, махаббат пен жеке қарым-қатынасқа байланысты сұрақтар, тіпті болашақ өміріне қатысты маңызды шешімдер де ЖИ арқылы талқыланып жатады. Бұл жағдай жасанды интеллекттің жастар өміріне қаншалықты терең енгенін көрсетеді.
Алайда жасанды интеллекттің пайдасымен қатар, оның зиянды тұстары да жоқ емес. Егер оқушы барлық сұрақтың жауабын дайын күйінде алып, өз бетінше ойлануды доғарса, бұл ойлау қабілетінің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Мамандардың пікірінше, адам миы күнделікті кем дегенде 10–15 сұрақты өздігінен талдап, шешім қабылдауға дағдылануы қажет.
Бүгінде жасырын емес, көптеген оқушылар үй тапсырмасын толықтай жасанды интеллект арқылы орындап жүр. Бұл білім алушының шығармашылық қабілетінің төмендеуіне, логикалық ойлаудың әлсіреуіне және жауапкершіліктің азаюына себеп болуы ықтимал. Ұзақ мерзімде бұл үрдіс баланың жеке дамуына кері әсер етуі мүмкін.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект – оқушы үшін тиімді көмекші құрал. Алайда оны шектен тыс және бақылаусыз пайдалану ойлау қабілетінің әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ЖИ-ді мақсатты, саналы әрі орынды қолдану – қазіргі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Жасанды интеллект адамды алмастырмауы, керісінше, оның ойлауын дамытуға қызмет етуі тиіс.
Асель Дуйсенбаева,
10-сынып оқушысы






















































