Оралу Білім және ғылым Қазіргі жастар кітап оқи ма?

Қазіргі жастар кітап оқи ма?

0
8
фото: google

Автобуста, саябақта немесе кез келген қоғамдық орында айналамызға назар аударсақ, көп адамның қолынан кітап емес, телефон көреміз. Әрине, кітап оқитын жастар әлі де бар. Дегенмен, олардың саны бұрынғыдай көп емес сияқты. Меніңше, қазіргі жастардың кітапқа деген қызығушылығы біртіндеп азайып бара жатыр.

Бұған ең алдымен технологияның дамуы әсер етті. Қазір жастар ұзақ отырып кітап оқығаннан гөрі, әлеуметтік желідегі қысқа бейнелерді немесе бірнеше секундтық ақпараттарды көргенді жөн көреді. Соның әсерінен көп жастар ұзақ мәтін оқуға ерініп, бәрін қысқа әрі тез қабылдауға үйреніп бара жатқандай.

Көпшілік кітаптың шынайы пайдасын толық түсіне бермейді. Адам денесіндегі бұлшық еттерді жаттықтырмасақ әлсірейтіні сияқты, ми да үнемі жаттығуды қажет етеді. Ғалымдардың айтуы бойынша кітап – миды жаттықтыратын ең жақсы құралдардың бірі. Ол сөздік қорды байытады, ойлау қабілетін дамытады, есте сақтау қабілетін күшейтеді және дүниетанымды кеңейтеді. Жаңа ақпарат алып қана қоймай, адам өмірге басқа көзқараспен қарай бастайды. Сондықтан кітап оқудың пайдасынан гөрі, кітап оқымаудың зияны көбірек деп есептеймін.

Өзім оқыған кітаптардың ішінде маған «Подсознание может всё» ерекше әсер қалдырды. Бұл кітап адамның өзіне деген сенімінің қаншалықты маңызды екенін түсіндіреді. Сонымен қатар адамның ойы, мақсаты және күнделікті әрекеті оның болашағына әсер ететінін қарапайым мысалдар арқылы жеткізеді. Осы кітаптан кейін адамның мүмкіндігі кейде өз ойлау жүйесіне байланысты екенін түсіндім.

Қорытындылай келе, кітап оқыған адам бір ғана өмірмен шектелмейді деген тұжырымға келдім. Әр кітап арқылы жаңа оймен танысып, жаңа тағдырды сезініп, жаңа тәжірибе жинаймыз. Сондықтан кітапты уақытты өткізудің құралы емес, өзіңді дамытудың жолы ретінде қабылдау керек. Бүгін оқылған бір кітап ертеңгі өмірімізге үлкен өзгеріс әкелуі әбден мүмкін.

Абдурахим Орынтай

ПІКІР БІЛДІРІЛМЕГЕН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз