Қоғамда мейірімділік неге азайып бара жатыр?

0
19
фото: pinterest

Бүгінгі қоғамда мейірімділік азайып бара жатқандай көрінеді. Әрине, бұл заманда әркім өз өмірімен әуре болып, баршаға бірдей жанашырлық таныта бермеуі мүмкін. Дегенмен, бір адамға жасаған кішкентай жақсылықтың өзі бүкіл әлемді өзгерткендей әсер қалдыруы ғажап емес.

Мейірімділік тек материалдық көмекпен өлшенбейді. Кейде өз қолыңмен жасаған қарапайым дүниенің өзі бір жанға шексіз қуаныш сыйлауы мүмкін. Жылы сөз, шынайы тілек, уақыт бөліп көмектесу — бұның бәрі адам жүрегіне жарық сыйлайтын әрекеттер.

Қазіргі таңда кейбір жасөспірімдердің үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету ұғымынан алыстап бара жатқаны байқалады. Алайда бұл тек баланың кінәсі емес. Тәрбие — отбасынан басталады. «Бала не көрсе, соны істейді» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан әр ата-ана баласына мейірімділік пен адамгершіліктің үлгісін көрсеткені маңызды.

Көшеде кетіп бара жатып, біреудің сүрініп құлап қалғанын көрсең, қол ұшын созу — адамдықтың белгісі. Мұндай сәтте көмектесу ешкімді төмендетпейді, керісінше, адамды биіктетеді. Бәлкім, сол адамның шын жүректен берген батасы сенің өміріңе береке әкелетін шығар. Халық даналығында айтылғандай:

«Жаңбырмен жер көгерер, батаменен ел көгереді».

Қоғамдағы тағы бір мәселе — адамдар арасындағы сенімнің азаюы. Әлеуметтік желілердің дамуы, алаяқтық пен әділетсіздіктің көбеюі адамдарды бір-бірінен алыстатып барады. Көп жағдайда жамандық тез көзге түседі де, жақсылық еленбей қалып жатады.

Сондай-ақ, кейбіреулер жасаған жақсылығын жариялап, мақтау күтеді. Алайда шынайы мейірімділік — жариялауды қажет етпейді. Ізгі ниетпен, ешкімге көрсетпей жасалған жақсылықтың құны әлдеқайда жоғары.

Бұл мәселе әлі де өзекті. Сондықтан баршамызға айтарымыз — мейірімді болайық. Бір-бірімізге көмектесуді әдетке айналдырайық. Жақсылық жасаудан жарысайық. Ең бастысы — жүрегіміздегі ақкөңілдікті жоғалтпайық.

Амина Амирова, 11-cынып оқушы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз