Алғаш рет «жасанды интеллект» термині 1956 жылы Dartmouth Conference конференциясында пайда болды. Бұл жиында ғалымдар адам интеллектісін қажет ететін тапсырмаларды орындай алатын машиналарды жасау мүмкіндіктерін талқылады. Конференцияға Джон Маккарти, Клод Шеннон және Герберт Саймон сияқты белгілі ғалымдар қатысты. Алайда жасанды интеллект тек XXI ғасырда қарқынды дамып, жаңа бағыттары қалыптаса бастады. Сондықтан бұл технологияның пайдасы мен зиянын қарастыру маңызды.
Цифрлық дәуірде адам өмірінің мүмкіндіктері артып келеді. Соның басты мысалдарының бірі — ақпараттың қолжетімділігі. Бұрын ақпарат ауызша тараса, кейін кітаптар арқылы, одан соң интернет арқылы қолжетімді болды. Ал қазіргі кезеңде жасанды интеллект ақпаратты өзі тауып, өңдеп, дайын күйінде ұсына алады. Бұл адамдардың уақытын үнемдейді. Мысалы, оқушылар тапсырма орындағанда цифрлық құрылғыларды жиі қолданады. Дегенмен дайын ақпаратты көшіру оңай болғандықтан, бұл ойлау қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Жасанды интеллекттің тағы бір маңызды артықшылығы — медицина мен технология саласының дамуы. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын жылдам әрі терең жүргізе алады. Медицинада робототехника, киілетін құрылғылар, биопринтинг, телемедицина сияқты бағыттар дамып келеді. Сонымен қатар рентген және МРТ сияқты құрылғылардың мүмкіндіктері кеңейіп отыр. Білім беру саласында да ЖИ кеңінен қолданылуда. Мысалы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 2024 жылдың наурызында жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолдануға арналған стандартты бекітті. Бұл құжатта оқу процесінде технологияларды қолдану тәсілдері мен қағидалары, ЖИ құралдарын пайдалану жолдары анықталған.
Алайда жасанды интеллекттің зияны да бар. Соның бірі — жалған ақпараттың таралуы. Қазіргі кезде адамдар, әсіресе жастар, интернеттегі ақпаратқа тез сенеді. Мысалы, ChatGPT сияқты жүйелер кейде нақты емес немесе қате ақпарат ұсынуы мүмкін. Сондықтан кез келген ақпаратты тексеріп, сыни тұрғыдан қарау өте маңызды.
Қорытындылай келе, цифрландырылған заманда жасанды интеллекттің пайдасы да, зияны да бар. Технология дамыған сайын жаңа мүмкіндіктер ашылады, бірақ оны дұрыс әрі саналы қолдану — әр адамның өз жауапкершілігі.
Айгерим Есенбаева, 11-сынып оқушысы
























































