21 ғасырда жасөспірімдердің волонтерлік қызметке деген қызығушылығы артып, қоғамға үлкен үлес қоса бастады. Жастар елде көтеріліп жатқан мәселелерге көз жұмбай, әрекет етуді таңдауда. Жыл сайын волонтерлер саны көбейіп келеді. Қазақстан Республикасының мәліметі бойынша, 2024 жылы 275 000 волонтер тіркелген. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 4 есе көп, әрі олардың басым бөлігі — 30 жасқа дейінгі жастар.
Қазақстанда волонтерлік қызметтің маңыздылығы COVID-19 пандемиясынан кейін ерекше артты. Осы кезеңде еріктілер қарттарға, медицина қызметкерлеріне және денсаулығында қиындықтары бар адамдарға көмек көрсетті. Қазіргі таңда елімізде шамамен 755 волонтерлік ұйым бар. Солардың ішінде ең танымалдарының бірі — ASHYQ JUREK. Бұл ұйымда 10 000-нан астам волонтер қызмет етеді, 11 жылдық тәжірибесі бар және 8 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Яғни әрбір волонтер өзіне жақын саланы таңдап, қоғамға пайдасын тигізе алады. Мұндай ұйымдар Қазақстанда күннен-күнге дамып келеді.
Алайда соңғы уақытта жаңа Конституцияға байланысты волонтерлік қызметте қандай өзгерістер болады деген сұрақ туындауда. Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында алғаш рет мемлекет тарапынан волонтерлік қызметті қолдау туралы норма енгізілді. Депутат Вера Александровна айтуынша, қоғамды қолдау тек қаржылық тетіктер арқылы ғана емес, азаматтардың жеке қатысуы арқылы да жүзеге асуы тиіс. Бұған дейін мемлекет көбіне қаржылық қолдауға мән берсе, енді азаматтардың ақысыз еңбегі де маңызды рөл атқаратыны мойындалды.
Енді Конституцияда волонтерлік қызметтің ресми түрде қолдау табатыны бекітілді. Бұл қолдау еріктілерге жағдай жасау арқылы көрінеді: оларды оқыту, даярлау, цифрлық есепке алу жүйесін енгізу, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және жоғары қауіп-қатерлі жұмыстарға тартылған жағдайда сақтандыру жүйесін қолдану.
Жасөспірімдер үшін бұл — үлкен мүмкіндік. Сондықтан бұл бағытқа қызығушылық күн сайын артып келеді. Әр адамның мақсаты әртүрлі болғанымен, мектеп жасынан бастап көмектесудің маңыздылығын түсіну — болашаққа жасалған маңызды қадам.
Сонымен қатар, танымал тұлғалар да үлгі көрсетуде. Мысалы, UNICEF ұйымы қазақстандық Q-pop тобы Ninety One мүшелері — Alem, Bala, Ace, Zaq-ты ізгі ниет елшілері ретінде тағайындады. Бұл — жастарға үлгі болатын маңызды қадам.
Қорытындылай келе, бүгінгі жастар елдің дамуына өз үлесін қосып жатыр. Волонтерлік — бұл тек көмек емес, ол жауапкершілік пен адамгершіліктің көрінісі. Бұл — болашаққа жасалған сенімді қадам.
Айгерим Есенбаева, 11-сынып оқушысы






















































