Энергетик сусындардың зияны және шектеу себептері

0
102

Қазіргі заманда заңды түрде сатылатын, бірақ денсаулыққа темекі сияқты зиян келтіретін өнімдердің бірі — энергетик сусындар. Сондықтан олардың зияны қандай және неліктен Қазақстанда 2025 жылдан бастап 21 жасқа толмаған жастарға сатуға тыйым салынды деген сұрақ туындайды.

Біріншіден, энергетик сусындардың ең қауіпті зияндарының бірі — денсаулыққа тікелей қауіп төндіруі. Кей жағдайларда тіпті ауыр асқынуларға, сирек болса да өлімге әкелуі мүмкін. Әсіресе жасөспірімдер кофеиннің әсерін толық түсінбей, оны энергия көзі ретінде қабылдайды. Мысалы, 2025 жылы Сарыағашта жас жігіт энергетик ішкеннен кейін талып қалған жағдай тіркелген. Абырой болғанда, жанында адамдар болып, дер кезінде көмек көрсетілген. Егер көмек болмағанда, жағдай өте ауыр аяқталуы мүмкін еді.

Екіншіден, энергетик сусындар денсаулықтың нашарлауына әкеледі. Оның құрамындағы қант пен кофеин мөлшері жоғары болғандықтан, адамда тәуелділік тез қалыптасады. Сонымен қатар жүрек соғысының жиілеуі, қан қысымының көтерілуі, ұйқының бұзылуы сияқты мәселелер пайда болады.

Сондықтан қауіпсіздік шаралары өте маңызды. Қазақстанда 21 жасқа дейін энергетик сусындарды сатуға тыйым салу — жастардың денсаулығын қорғауға бағытталған шешім. Дегенмен, кейбір пікірлер бойынша, мұндай сусындарға толық тыйым салу керек деген ұсыныстар да бар.

Мысалы, Непал елінде энергетик сусындарды импорттауға шектеу қойылған, себебі халықтың денсаулығы басты орынға қойылған. Ал Дания елінде бұрын Red Bull сияқты сусындарда кофеин мөлшері жоғары болғандықтан, сатуға уақытша тыйым салынған. Кейін сыртқы қысымның әсерінен қайта рұқсат берілгенімен, мұндай шектеулер халық денсаулығына оң әсерін тигізген.

Қорытындылай келе, энергетик сусындар зиянды тағамдар сияқты бірден байқалмауы мүмкін. Өйткені олардың құрамында никотин жоқ. Алайда әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан, кофеиннің артық мөлшері денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай сусындарды шектеп, денсаулыққа пайдалы өмір салтын ұстану өте маңызды.

Айгерим Есенбаева, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз