Жасанды интеллект: көмекші ме, әлде қауіп пе?

0
6
фото: google

Соңғы бірнеше жылда жасанды интеллект туралы көп айтыла бастады. Бұрын оны тек ғылыми фильмдерден көретін болсақ, бүгінде ол күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Қазір көптеген адам ақпарат іздеу, мәтін жазу, сурет жасау немесе түрлі есептерді шығару үшін жасанды интеллектіні пайдаланады. Менің ойымша, жасанды интеллект алдағы уақытта адам өмірінде үлкен орын алатын технологиялардың бірі.

Жасанды интеллект ең алдымен адамдардың уақытын үнемдеуге көмектеседі. Ол көптеген жұмысты жылдам орындап, күнделікті өмірді жеңілдетеді. Бүгінде медицинада, білім беруде, бизнесте, журналистикада және басқа да көптеген салаларда оның пайдасы байқалып келеді. Бұрын бірнеше сағат кететін жұмысты қазір бірнеше секундта орындап бере алады. Сондықтан көптеген адамдар үшін жасанды интеллект сенімді көмекші болып отыр.

Дегенмен, оның қауіпті жақтары да жоқ емес. Адамдардың жасанды интеллектіге шамадан тыс тәуелді болуы олардың өз бетінше ойлау қабілетіне әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, алаяқтардың жалған ақпарат таратуы, адамдарды алдауы немесе жалған бейне мен дыбыс жасауы сияқты заңсыз әрекеттерде де жасанды интеллект қолданылып жатыр. Бұл қоғам үшін үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан жасанды интеллектіні тек пайдалы мақсатта пайдалану өте маңызды деп ойлаймын.

Меніңше, қазіргі таңда жасанды интеллект әрі көмекші, әрі қауіп көзі. Сондықтан оны дұрыс пайдалану – әр адамның жауапкершілігі. Қорытындылай келе, жасанды интеллектің пайдасы да, қаупі де бар. Жасанды интеллекттің болашағы оны қалай қолданатынымызға байланысты. Егер оны тек жақсы мақсатта пайдалансақ, ол адам өмірін жеңілдететін ең пайдалы технологиялардың біріне айналады.

Абдурахим Орынтай, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз