Ұялы телефон, смартфондар, гаджеттер және жаңа технологиялар – XXI ғасырда адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Байланыс құралы ретінде 1876 жылы Александр Грэхэм Белл АҚШ-та ойлап тапқан телефон, ал 1992 жылы алғашқы заманауи смартфон пайда болды. Бүгінде телефон ақпарат алу, оқу, жұмыс істеу және ойын-сауық құралы ретінде кеңінен пайдаланылады. Таңертең көзімізді ашқан сәттен бастап, түнде ұйықтағанға дейін біз телефонға жүгінеміз. Адам өмірінің едәуір бөлігі виртуалды кеңістікте өтеді. Алайда оның адам денсаулығына тигізетін кері әсері де аз емес.
Телефонның басты артықшылығы – жылдам байланыс. Төтенше жағдайда жедел жәрдем шақыру, ата-анамен хабарласу немесе маңызды ақпарат алу – барлығы бірнеше секунд ішінде жүзеге асады. Қазіргі смартфондарда қадам санау, жүрек соғысын бақылау, ұйқы сапасын талдау сияқты пайдалы функциялар бар. Бұл мүмкіндіктер адамға күн тәртібін реттеп, денсаулығын бақылауға көмектеседі. Әлемдік статистикаға сүйенсек, 500 миллионнан астам адам денсаулықты бақылауға арналған мобильді қосымшаларды пайдаланады.
Көптеген адамдар фитнес-қосымшалар арқылы күнделікті 8–10 мың қадам жасауға дағдыланған. Кейбір қосымшалар су ішу уақытын еске салып, тыныс алу жаттығуларын ұсынады және стрессті азайтуға арналған медитациялар жүргізеді.
Алайда телефонды шамадан тыс пайдалану денсаулыққа кері әсер етеді. Ұзақ уақыт экранға қарау көру қабілетінің әлсіреуіне әкеледі. Жасөспірімдер арасында көздің шаршауы жиі кездеседі. 2022 жылғы деректерге сәйкес, ұялы телефондардың кең таралуынан бері көру қабілетінің орташа көрсеткіші 1997 жылмен салыстырғанда 35%-ға төмендеген. Кешкі уақытта адамдар телефон қарап отырып, уақыттың қалай өткенін байқамай қалады. Осы кезде көз бұлшықеттері үнемі бір нүктеге шоғырланып, шаршайды, адам сирек жыпылықтайды, нәтижесінде көз құрғап, қызарады.
Оңтүстік Корея ғалымдары жүргізген зерттеулер смартфондардың балалар мен жасөспірімдердің миына кері әсер ететінін көрсетті. Атап айтқанда, гаджеттер мидағы химиялық тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Сонымен қатар, кардиологтар ұялы телефонды шамадан тыс пайдалану жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттыратынын айтады. Әсіресе, бұл қант диабетімен ауыратын адамдар мен темекі шегушілер үшін қауіпті.
Телефонды жиі пайдаланатын адамдарда бас ауруы, күндізгі ұйқышылдық, ашуланшақтық пен шаршау белгілері байқалады. Сондай-ақ омыртқа мен мойын аурулары да кең таралған. Телефонға үнемі еңкейіп қарау мойын омыртқасына артық жүктеме түсіреді. Нәтижесінде «text neck» синдромы пайда болып, мойын, иық және арқа бұлшықеттері ауырады. Ұзақ мерзімде омыртқаның қисаю қаупі артады. Жасөспірімдер арасында телефонға тәуелділік те жиі кездеседі. Телефонды үнемі тексеру әдетке айналып, номофобия дамиды, бұл мазасыздық деңгейін арттырады. Әлеуметтік желілердегі салыстыру сезімі де адамның өзін-өзі бағалауына кері әсер етуі мүмкін.
Телефонды денсаулыққа зиян келтірмей пайдалану үшін белгілі бір ережелерді сақтау қажет. Ең алдымен, экран алдында өткізетін уақытты бақылау маңызды. Мамандар ойын-сауық мақсатында телефонды күніне 2–3 сағаттан артық қолданбауға кеңес береді. Әр 20–30 минут сайын үзіліс жасап, көзді демалдыру қажет. Мысалы, 20 секунд бойы алыстағы нүктеге қарау көз бұлшықеттерін босаңсытады.
Сондай-ақ телефонды пайдаланғанда дұрыс дене қалпын сақтау керек: экран көз деңгейінде орналасып, арқа түзу болуы тиіс. Жарығы жеткілікті бөлмеде пайдалану және экран жарықтығын шамадан тыс арттырмау да көзге түсетін жүктемені азайтады.
Ұйықтар алдында кемінде бір сағат бұрын телефон қолдануды тоқтатқан жөн. Түнгі режимді қосу да пайдалы.
Ең бастысы – телефонды мақсатсыз пайдаланбау. Оны нақты қажеттілік туындағанда ғана қолдану – ең тиімді тәсіл.
Қорытындылай келе, телефон – адам өмірін жеңілдететін заманауи құрал. Алайда оны шамадан тыс пайдалану денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан телефонды саналы түрде пайдалану – әр адамның жеке жауапкершілігі.
Жанайым Сейдалхан, 11-сынып оқушысы
























































