Қайырымдылық – сән бе, әлде шынайы жанашырлық па?

0
25
фото: google

Қайырымдылық – сән бе, әлде шынайы жанашырлық па? Бұл сұрақ қазіргі қоғамда жиі талқыланатын өзекті мәселелердің бірі. Әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы, түрлі қайырымдылық қорларының көбеюі, танымал тұлғалардың игі бастамалары бұл ұғымға деген көзқарасты өзгертіп отыр. Бірі қайырымдылықты адамгершіліктің асыл қасиеті деп бағаласа, енді бірі оны уақытша үрдіс, яғни сән деп қабылдайды.


Расында, бүгінде кейбір қайырымдылық шаралары көпшілікке жария түрде өткізіледі. Әлеуметтік желілерде көмек көрсету сәттері бейнежазбаға түсіріліп, кеңінен таратылады. Мұндай әрекеттер кей адамдарға жасандылық болып көрінуі мүмкін. Егер қайырымдылық тек атақ-даңққа жету немесе өз беделін көтеру мақсатында жасалса, оның шынайылығына күмән туады. Себебі нағыз жанашырлық мақтауды қажет етпейді, ол жүректен шығады. Алайда қайырымдылықты толықтай сәнге балау әділ болмас еді. Қоғамда ешкімге жария етпей-ақ, үнсіз көмек көрсететін жандар аз емес. Олар қиын жағдайға тап болған отбасыларға, сырқат жандарға, жетім балаларға немесе қарт адамдарға қол ұшын созып жүр. Мұндай әрекеттер – шынайы мейірім мен адамгершіліктің айқын көрінісі.


Сонымен қатар жария түрде ұйымдастырылған қайырымдылық шараларының да қоғамға тигізер пайдасы бар. Олар көпшілікті игі іске жұмылдырып, бірлік пен жанашырлықты арттыра алады. Бір адамның бастамасы өзгелерге үлгі болып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге ықпал етеді. Демек, мәселе қайырымдылықтың жария болуында емес, оның артындағы ниет пен мақсатта.


Қорыта айтқанда, қайырымдылықты тек сән деп бағалау біржақты пікір болар еді. Иә, кей жағдайда ол көпшілікке көрсету үшін жасалатындай көрінуі мүмкін. Алайда шынайы қайырымдылық адамның ниеті мен жүрегінен басталады. Сондықтан қайырымдылықтың басты өлшемі – оның жариялануы емес, адамгершілікке негізделген шынайы ниеті.

Әминай Тұрар, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз