Қазіргі таңда көптеген адамдар зиянды тамақтарды жиі тұтынады. Мысалы, фастфуд, чипсы, тәттілер және газдалған сусындар. Бұл тағамдар өте дәмді әрі тез дайындалады, сондықтан адамдар оларды жиі жейді. Алайда мұндай тамақтар денсаулыққа кері әсер етеді.
Зиянды тағамдар әдетте майлы және калориясы жоғары болады. Егер адам күн сайын осылай тамақтанса, ол артық салмақ қосуы мүмкін. Сонымен қатар асқазанға зиян келіп, ас қорыту жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Адам тез шаршап, өзін әлсіз сезінеді. Кейде басы да ауыруы мүмкін.
Тағы бір маңызды мәселе — тістердің бұзылуы. Тәттілер мен газдалған сусындар тіс эмаліне зиян келтіріп, түрлі тіс ауруларына әкеледі.
Зиянды тамақтардың құрамында пайдалы дәрумендер аз болады. Сондықтан ағзаға қажетті күш пен энергия жетіспейді. Нәтижесінде адам жиі ауырып, иммунитеті төмендейді. Әсіресе бұл балалар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті.
Көптеген адамдар зиянды тамаққа ерте жастан үйреніп қалады. Сондықтан кішкентай кезден бастап дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру қажет.
Дұрыс тамақтану үшін жеміс-жидек, көкөніс, ет және сүт өнімдерін күнделікті тұтыну керек.
Қорытындылай келе, зиянды тамақ дәмді болғанымен, денсаулыққа зиян. Сол себепті оны азайтып, пайдалы тағамдарды таңдаған дұрыс.
Аяулым Жұмабай, 11-сынып оқушысы



























































