Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан астанасы – Астана. Қала заманауи сәулетімен, кең көшелерімен, мәдени нысандары және бай тарихымен туристерді өзіне тартады. Уақытыңыз шектеулі болса да, 2–3 күннің ішінде елорданың ең көрнекті орындарын аралап, ерекше әсер алуға болады.
1-күн: Қаланың жүрегімен танысу
Саяхатты Астананың басты нышаны – Бәйтерек монументінен бастаған жөн. Бұл нысан елорданың символы саналады. Бәйтеректің ішінде көрме залдары, фотоға түсуге арналған локациялар және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының бедері орналасқан.
Одан кейін Ақорда маңын аралап, Нұржол бульварымен серуендеуге болады. Кешкі уақытта «Керуен», «Хан Шатыр» немесе «Абу-Даби Плаза» сауда және ойын-сауық орталықтарына барып, ұлттық және шетелдік асханалардың дәмін татуға кеңес беріледі.
2-күн: Мәдениет пен тарихқа саяхат
Екінші күнді Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне арнаған дұрыс. Мұнда ел тарихына, тәуелсіздік кезеңіне арналған көрмелер, археологиялық жәдігерлер, ұлттық киімдер мен дәстүрлер кеңінен таныстырылады.
Музейге жақын орналасқан әлемде сирек кездесетін сәулет нысаны Бейбітшілік және келісім сарайын (Пирамида) тамашалауды ұмытпаңыз. Бұл ғимарат Астананың рухани және мәдени орталықтарының бірі саналады.
3-күн: Болашақ пен өнер әлемі
Үшінші күні EXPO-2017 кешенін аралауға болады. Мұнда болашақ технологияларына арналған павильондар және ерекше сәулетімен көз тартатын «Нұр Әлем» сферасы орналасқан.
Уақытыңыз болса, сапарыңызды «Астана Опера» немесе «Астана Балет» театрларындағы қойылыммен аяқтау – саяхатты әсерлі әрі есте қаларлық етуге мүмкіндік береді.
Астана – қысқа уақыттың өзінде терең әсер қалдыратын қала. Мұнда заманауи сәулет, бай мәдениет және қонақжай атмосфера үйлесім тапқан.
Аружан Ануарбекова
11-сынып оқушысы
























































