Прокрастинация – маңызды әрі қажет істі орындаудың орнына оны үнемі кейінге қалдырып, ұсақ-түйек істермен айналысу әдеті. Ең қызығы — адам істің маңызды екенін толық түсінсе де, соған қарамастан оны бастай алмайды. Көп жағдайда бұл құбылысты жалқаулықпен байланыстырады. Алайда психология тұрғысынан алғанда, прокрастинация мүлде басқа себептерге негізделген.
Психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, прокрастинация — еріншектік емес, көбіне адамның ішкі күйзелістен қорғану тәсілі. Бұл күйзелістер қорқыныштан, эмоционалдық шаршаудан немесе ішкі қарсылықтан туындайды. Кейде біз нәтиженің сәтсіз болуынан, сынға ұшыраудан немесе бағаланудан қорқып, «Жасамасам — қателеспеймін» деген ойға берілеміз. Соның салдарынан істі кейінге қалдырамыз. Сонымен қатар адам өзіне ұнамайтын, бірақ «міндет» деп қабылдаған іске толық жауапкершілікпен қарамайды.
Прокрастинациядан арылу үшін алдымен өз бойымыздағы ішкі себептерді түсіну маңызды. Ол қорқыныш, перфекционизм, сенімсіздік немесе ішкі кедергілер болуы мүмкін. Ең бастысы – өзімен жұмыс істеуге дайын болу. Әр істі «басқалар үшін» емес, өз қажеттілігіміз үшін жасау мотивацияны күшейтеді. Көп адамның жіберетін қателігі – «мінсіз орындау керек» деген талаппен бастау. Ал өз-өзіңе қамқор болу, керісінше, ішкі қуатты арттырады. Сондықтан әр орындалған тапсырмадан кейін өзіңді мадақтау да маңызды рөл атқарады.
Қорытындылай келе, прокрастинациядан арылу – өзіңді түсінуден, қателіктерді қабылдаудан және істі шағын қадамдармен бастаудан тұратын процесс.
Аружан Ануарбекова
11-сынып оқушысы





















































