Жастар арасындағы волонтерлік іс

0
32
фото: google

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады.

Қазіргі қоғамда волонтерлік қызмет – жастардың белсенді өмір салтының ажырамас бөлігіне айналды. Волонтерлік – тек ақысыз негізде қоғамға қызмет ету ғана емес, сонымен қатар тұлғаның қалыптасуына, адамгершілік қасиеттерінің дамуына ықпал ететін ерекше орта. Бүгінгі таңда жастар әртүрлі бағытта ерікті қызмет көрсетуде: әлеуметтік көмек, экологиялық акциялар, білім беру жобалары, қайырымдылық шаралары, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру. Мұндай жұмыстар жас буынның жауапкершілігін арттырып, ұйымдастырушылық қабілетін дамытады. Сонымен қатар волонтерлік мейірімділік пен жанашырлықты күшейтіп, өзгеге көмек көрсету арқылы өмірдің шынайы құндылықтарын түсінуге жол ашады.

БҰҰ деректеріне сәйкес, әлемде шамамен 1 миллиардқа жуық адам волонтерлік қызметпен айналысады. 2025 жылғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан халқының 89%-ы волонтерлік туралы хабардар, ал азаматтардың 79%-ы қайырымдылық шараларына қатысады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, елімізде 810-нан астам волонтерлік ұйым тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге артқан. Ал 2025 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда 300 мыңға жуық белсенді волонтер бар.

Аталған көрсеткіштер елімізде жастардың қоғамдық белсенділігі мен қайырымдылыққа деген қызығушылығының айтарлықтай артқанын көрсетеді. Көптеген волонтерлік ұйымдар қоғамдық қорлар аясында қызмет етеді. Мәселен, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған «Жасыл ел» ұйымы экологиялық жобаларды жүзеге асырады. «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілері мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Ал «Ashyq jurek» ұйымы экологиялық акциялар өткізіп, ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырып, түрлі әлеуметтік бастамаларды қолдайды.

Сондай-ақ «UNICEF Kazakhstan» – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры, ол балалардың құқықтарын қорғау және олардың өмір сапасын жақсарту бағытында жұмыс істейтін жетекші халықаралық ұйымдардың бірі. Ал «Qazvolunteer.kz» платформасы еліміздегі волонтерлік қозғалысты дамытуға, еріктілер мен жобаларды біріктіруге арналған маңызды алаң болып табылады.

Қорытындылай келе, белсенді, саналы және жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастыруда волонтерлік қозғалыстың маңызы зор. Қоғамның дамуы да дәл осындай бейжай қарамайтын жастардың қолында. Жақсылық жасаудан тайынбайтын ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы.

Жанайым Сейдалхан, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз