Әлеуметтік желі – мүмкіндік пе, әлде тәуелділік пе?

0
8
фото: google

Бүгінде әлеуметтік желісіз өмірді елестету қиын. Таңертең көзімізді ашқан сәттен бастап, кешке ұйықтағанға дейін түрлі платформаларды көреміз. Олар арқылы түрлі жаңалық оқимыз, білім аламыз, достарымызбен сөйлесеміз, тіпті жұмысымызды да жүргіземіз. Алайда әлеуметтік желінің пайдасымен қатар қоғамға тигізетін кері әсері де одан аз емес.

Әлеуметтік желінің басты артықшылығы – ақпаратқа қолжетімділік. Бірнеше секунд ішінде әлемнің кез келген жерінде болған жаңалықты білуге болады. Онлайн курстар, білім беру платформалары мен тәжірибелі мамандардың кеңестері жастардың өздігінен білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы шағын кәсіп ашып, табыс тауып жүрген адамдардың саны да артып келеді.

Дегенмен әлеуметтік желіні шектен тыс пайдалану үлкен мәселеге айналды. Көптеген жастар күніне бірнеше сағатын ұялы телефон экранына жұмсайды. Бұл уақытты кітап оқуға, спортпен айналысуға немесе отбасымен қарым-қатынасқа арнауға болар еді. Ұзақ уақыт экранға қарау адамның көру қабілетіне, ұйқысына және психологиялық жағдайына кері әсер етеді.

Тағы бір маңызды мәселе – жалған ақпараттың таралуы. Кейде тексерілмеген мәліметтер адамдардың пікіріне ықпал етіп, қоғамда түсініспеушілік тудырады. Сондықтан әрбір қолданушы ақпараттың шынайылығын тексеріп, сын тұрғысынан ойлай білуі қажет.

Әлеуметтік желі – заман талабы. Бірақ оны тиімді әрі саналы пайдалану әр адамның өз жауапкершілігіне байланысты. Уақытты дұрыс жоспарлап, пайдалы контентті таңдасақ, әлеуметтік желі біздің қарқынды дамуымызға қызмет ететін құралға айналады.

Исламбек Нұрұмғали, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз