Қазақ халқы тектіліктің тамырын тереңнен тартқан халық екені белгілі. Мұны қазақ болмысының алтын арқауы болып табылатын “жеті ата” ұғымынан танып білуге болады. “Жеті ата” – ұлтымыздың ғасырлар бойы ұстанып, қан тазалығын, ұрпақ саналығын сақтауда маңызды рөл атқаратын бірегей жүйе. Қазақ бұл танымды ұлттың қалыптасуы мен сақталуы, дамуы жолында жоғары қойып, сана мен сезім, денсаулық пен жігер сынды құндылықтардың негізінде жатқан құбылыс ретінде таныған. Сол себепті жеті атасын білмеуді надандықтың белгісі деп санаған.
Қазақта “жеті атасын білмейтін – жетесіз” – деп бекер айтпайды. Жеті атадан кейін ғана қан араласуды рұқсат етіп, жеті атаға дейін қыз алысуға тыйым салынуы да тек емес. Алғаш рет бұл қағида заң жүзінде “Есім ханның ескі жолында” қатаң түрде бекітілген. Бұл заңға бағынбаушылық тек қатал жазамен ғана емес, заң бұзған адамның ұрпағына қара дақ жағылуымен, яғни күллі келешек ұрпақ өкілдерінің халық арасында беделі түсіп, ұятқа қалуымен бірге ұласатын болған. Кейін де жеті атаны білу міндеті қазақ жерінде сақталып қалғаны белгілі. Ал жеті атасын білмеген жанды тексіз деп, тіпті сақтықпен қараған, себебі ата-бабасын білмеген адамды жат елден келген деп сенген. Сонымен қатар, “тегін білмегеннің еліне жаны ашымас” – деп, жеті атасын білмейтін адамдарды ұлт баласы ретінде санамаған. Десе де, жеті ата қағидасының маңызы қандай?
Этнографиялық зерттеулер бойынша, жеті атаға жетпей қыз алысу келешекте дүниеге келер ұрпақтың физиологиялық тұрғыда әлсіз, ақыл-есі жетілмеуіне алып келеді. Генетикалық ғалымдар қанның араласуы нәтижесінде аутосомды-рецессивті аурулардың, мысалы, альцгеймер, қант диабеті, анемия ауруларының даму қаупі артатынын анықтаған. Ал 2011 жылы жүргізілген генетикалық зерттеулер жақын туыстар арасындағы некелерден дүниеге келген ұрпақта мутациялық аурулардың 2-3 есе жиі кездесетінін көрсеткен. Бұл “жеті ата” ұғымының ғылыми тұрғыда дәлелденіп, ұрпақ амандығының бірден-бір кепілі екенін айқындайды. Сонымен қатар, ата-бабалардың неліктен жеті ата қағидатын ұрпақ сабақтастығының қасиетті жібі ретінде көргендігін дәлелді түрде жеткізеді.
Айта кетейік, жеті ата – тек биологиялық тұрғыда ұрпақ саулығын қамтамасыз етумен шектелмейді. Бұл таным күллі ұлттың рухани діңгегі саналады. Тарихта жеті ата туыстық жүйесінің әлеуметтік құрылымдағы рөлі зор болды. Бабалардан қалған бұлжымас заң ғасырлар бойы ағайын-туыс арасындағы татулықты сақтап, ру ішінде және руаралық ынтымақты нығая түскен. Сол себепті қазақта жеті ата – жеті тұғыр деп саналады, яғни жеті ата жүйесі – ұлттың мызғымас жеті тірегі болып келеді. Бұл жеті атаның тек шежіре үшін емес, қазақтың рухани, әлеуметтік және мәдени тұтастығын сақтайтын негізгі қағидалардың бірі екенін білдіреді.
Жеті ата – тектіліктің темірқазығы. Тектіліктің тамыры тереңде жатқанын түсініп, ата-бабалардың ақ жолын құрметтеген қазақ халқы үшін “жеті ата” ұғымы атадан балаға жалғасқан асыл аманат. “Бала – атаның бауыр еті, ұрпақ – ұлттың алтын діңгегі” деген ұлт жеті ата жүйесін киелі өсиет ретінде танып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуын қадалаған. Сол себепті, қанша жыл, ғасыр өтпесін, “жеті ата” танымы қазақ құндылықтарының бейнесіне айналып, рухани және мәдени сандығында үлкен орын алады.
Айсу Жалынқызы