Даму – адам өміріндегі ең маңызды ұғымдардың бірі. Егер адам үнемі ізденісте болса, әрдайым алға жылжиды. Бірақ жан-жақты даму ең алдымен өзін-өзі дамытудан басталады. Өзін-өзі дамыту үшін күрделі әрекеттердің қажеті жоқ, ол күнделікті қарапайым ережелерден басталады.
Уақытты тиімді пайдалану
Біздің әр күніміз – 24 сағат. Алайда сол уақыттың біразын пайдасыз істерге өткізіп алатынымыз жасырын емес. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген мақал тегін айтылмаған. Күнімізді ерте тұрудан бастасақ, уақыт жеткілікті әрі өнімді өтеді.
Кітап оқуды әдетке айналдыру
Кітап-ой-өрісті дамытатын ең жақсы құрал. Күніне жарты сағат кітап оқыған адамның сөздік қоры байып, ойлау қабілеті артады. Ал егер қағаз кітап табылмаса, «kitap.kz», «kazneb.kz», «foliantbooks.com» сияқты сайттардан электронды кітаптарды оқуға мүмкіндік бар.
Дене белсенділігі
Қазіргі таңда адамдардың көбі уақытын телефон немесе компьютер алдында өткізеді. Бұл артық салмаққа, шаршағыштыққа және түрлі ауруларға әкелуі мүмкін. Сондықтан денсаулық үшін күнделікті жаттығу жасау немесе таза ауада серуендеу аса қажет.
Жаңа дағдыларды үйрену
Адам бір бағытпен шектелмей, әрдайым жаңа нәрселерге ұмтылуы керек. Жаңа дағдыларды үйрену – өзіне деген сенімділікті арттырады, ортаны кеңейтеді және ойлау көкжиегін ашады. Бұл – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын қадам.
Күнделік жүргізу
Күн сайын ойды қағазға түсіріп, өз жетістігіңді және қателігіңді сараптап отырсаң, өміріңді реттеуге оңай болады. Күнделік жүргізу – өз іс-әрекетімізге есеп беруге, қателікті түзетуге және жақсы әдет қалыптастыруға көмектеседі.
Ағылшын жазушысы Алэн Лэкиннің сөзі бар:
“Time = Life, Therefore, waste your time and waste your life, or master your time and master your life.”
«Уақыт – өмір. Уақытты босқа өткізу – өмірді босқа өткізу. Уақытты жүйелі өткізу – өмірде жүйелі болу».
Шынында да, уақытты дұрыс пайдаланып, өзімізді дамытуға бағыттасақ, өміріміз мәнді де мазмұнды болады. Өзін-өзі дамыту- кішкентай қадамдардан басталып, үлкен жетістіктерге жетелейді.
Сабина Бекболат


























































