Соңғы жылдары Астана қаласында жол кептелісінің жиілеуі айқын байқалады. Бұрын кептеліс белгілі бір уақыт аралығында ғана орын алса, бүгінде ол күннің кез келген мезетінде туындауы мүмкін. Бұл жағдайды қала тұрғындары бірден сезініп отыр, ал оның пайда болуына бірнеше негізгі себеп бар.
Ең алдымен, халық санының қарқынды өсуін атап өткен жөн. Қазақстанның саяси әрі экономикалық орталығы саналатын Астанаға жыл сайын қоныс аударушылар саны артып келеді. Халық саны көбейген сайын автокөліктердің де саны ұлғаятыны анық. Осы фактор жол қозғалысына айтарлықтай салмақ түсіріп, кептелістің басты себептерінің біріне айналды.
Сонымен қатар, қаланың аумағы кеңейіп, жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Алайда кейбір аудандарда жолдар тар, ал жол қиылыстары жеткіліксіз. Соның салдарынан көлік ағыны белгілі бір көшелер мен даңғылдарға шоғырланып, кептеліс пайда болады. Бұған қоса, кейбір жол қиылыстарындағы бағдаршамдар әлі де ескі жүйемен жұмыс істейді. Бұл көліктердің ұзақ уақыт тоқтауына әкеліп, қозғалысты баяулатады.
Астана қаласында кептеліс әсіресе қыс мезгілінде жиі байқалады. Қыста қардың қалың жаууы, боран мен көктайғақ жол қозғалысын қиындатып, апаттық жағдайлардың артуына себеп болады. Ауа райының қолайсыздығы көлік жылдамдығын төмендетіп, жол кептелісінің көбеюіне айтарлықтай әсер етеді.
Қорытындылай келе, жол кептелісі – белгілі бір себептерге байланысты туындайтын құбылыс. Оны толықтай жою қиын болғанымен, уақытты тиімді жоспарлап, жолға ертерек шығу арқылы кептелістің кері әсерін азайтуға болады. Ал болашақта бұл мәселені шешу үшін жол инфрақұрылымын жетілдіру мен көлік қозғалысын заманауи жүйелер арқылы басқару маңызды болмақ.
Аружан Ануарбекова

























































