JLo Қазақстанға келеді

0
10
фото: google

“Дженнифер Лопес Қазақстанға келе жатыр!” деген жаңалықты естіген жанкүйерлер қуанышын жасыра алмады. Әлеуметтік желілерде мыңдаған пікір, қуанышпен жазылған посттар қаптап кетті. Ticketon платформасында билет сатылымы басталған сәтте-ақ халық өз мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысып жатыр. Бірақ бұл тек концерт қана ма? Әлде бұл сәт Қазақстан үшін бұдан да ауқымды маңызға ие бола ала ма?

Мәдениет – елдің жаңа келбеті

Қазіргі жаһандану заманында мемлекеттер халықаралық аренада өздерін көрсету үшін мәдениет пен өнерге ерекше мән бере бастады. Бұл бағытта Қазақстан да белсенді қадам жасап келеді. Мәселен, 2024 жылдың 26 маусымында өткен халықаралық фестивальде Netflix-тің “Wednesday” сериалында ойнаған актер Перси Хайнс Уайт елімізге келіп, ерекше әсер қалдырған еді. Осы оқиғадан кейін көптеген шетелдік БАҚ Қазақстан жайлы жаза бастады.

Осы орайда, әлемдік деңгейдегі поп-мәдениет жұлдызы Дженнифер Лопестің 2025 жылдың 1 тамызында елімізге келіп, жеке концерт беруі – тарихи оқиға. Бұл шараны өткізуге байланысты үкімет тарапынан да үлкен назар аударылып отыр. Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеме жасап:
«Қазақстан осындай іс-шаралар өткізілетін шынайы тұрақты орынға айналуы үшін бұл жұмысты жалғастыру керек. Үкімет тарапынан біз барлық қажетті қолдауды көрсетеміз», – деп атап өтті.

Саяси пікірлер мен қауіпсіздік мәселелері

Алайда мұндай көлемді іс-шаралар тек қуанышпен ғана емес, сындармен де қатар жүреді. Мәжіліс депутаты Елнур Бейсенов бұған байланысты пікір білдіріп:
«Маған кімнің келетіні маңызды емес, тіпті JLo-ға да бармаймын. Бірақ қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек», – деп, Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған оқиғаларды еске салды.

Бұл сөздер – ұйымдастыру тарапына үлкен жауапкершілік жүктейтін ескерту. Себебі кез келген кемшілік тек халықтың көңіл-күйіне емес, елдің беделіне де әсер етуі мүмкін.

Экономикалық және туристік әсер

Әрине, мұндай ауқымды концерт ел экономикасы мен туризм саласына оң әсер етуі мүмкін. Жергілікті бизнес өкілдері, қонақ үйлер, мейрамханалар мен қызмет көрсету салалары үшін бұл – табыс көзі. Шетелдік туристер мен блогерлердің келуі арқылы Қазақстанның имиджі арта түспек.

Алайда бұның өз қиындықтары да бар. Дженнифер Лопес сынды жұлдызды шақыру – орасан қаражатты талап етеді. Бұл ұйымдастыру шығындары, гонорар, техникалық қажеттіліктер және қауіпсіздік шараларымен тікелей байланысты. Мұндай қаржылық салмақ қоғамның наразылығына әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, техникалық немесе логистикалық ақаулар орын алса, Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келуі ықтимал.

Дженнифер Лопестің Қазақстанға келуі – бұл жай ғана шоу емес. Бұл – еліміздің мәдени, экономикалық және имидждік дамуының айқын көрінісі. Мұндай сәттер мемлекет ретінде біздің әлемдік деңгейге шығуға дайындығымызды көрсетеді. Бірақ осындай ауқымды іс-шаралар тек мақтаныш емес, жауапкершілік те арттыратынын ұмытпаған жөн.

Дегенмен, ең бастысы – халықтың қуанышы. Өйткені мұндай концерттер күнде бола бермейді. Сондықтан бұл тарихи сәттен ләззат алып, оны еліміздің мәдени дамуындағы жаңа бет ретінде қабылдай білейік.

Айгерим Есенбаева

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз