Түркия президентінің ресми өкілі Ибрагим Калын Анкарада өткен баспасөз мәслихатында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, соңында оны Анкараға шақырғанын және америкалық әріптесінің ұсынысты қабыл алғанын мәлімдеді.
«Телефон арқылы тілдесу барысында Ердоған Трампты Түркияға шақырды. АҚШ президенті 2019 жылы Анкараға ресми сапармен келуі мүмкін екенін жеткізген», деп келтіреді ТАСС ақпараттық агенттігі.
Бұған Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Хоган Гидлидің АҚШ президенті Түркия басшысымен кездесуге дайын екенін, алайда кездесу уақыты әлі нақтыланбағанын хабарлағаны дәлел.
Түркия тарапы екі мемлекет басшыларының телефон арқылы сөйлесуін тарихи маңызды оқиға деп есептейді. Себебі бұл тілдесу барысында Түркия президенті Ақ үй басшысына ИГИЛ лаңкестік ұйымына қарсы жүргізілетін іс әрекеттер мен АҚШ әскерінің Сирия аумағынан шығарылуы барысында ұйымдастырылған түркиялық және америкалық әскери делегаттардың кездесуі туралы баяндаған.
Тармп 19 желтоқсан күні Сириядан америкалық әскерилерді шығару туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда АҚШ Қорғаныс министрлігі ИГИЛ лаңкестік ұйымымен күрес тоқтамағанын әлі де жалғасып жатқандығын хабарлаған. Америкалық әскерилерді Сирия аумағынан шығару 60 күннен 100 күнге дейін уақытты алады. Сондай-ақ, 2000-нан астам жауынгер Сирия аумағында қалып аймақты қалған лаңкестерден тазартатыны жарияланды.
Америка Құрама Штаттары Иракта ИГИЛ террорлық ұйымына қарсы күресті 2014 жылдың маусымында, ал Сирияда сол жылдың қыркүйек айында бастаған болатын.