Мектеп — тек білім беретін орын ғана емес, әр оқушының қабілетін ашып, түрлі бағытта дамуына жол көрсететін үлкен тәрбие ордасы. Дәл осы ортада әр бала өз орнын тауып, бойына күш-қуат беретін, үлгі тұтар жандармен жолығады. Солардың бірі — біздің мектептің жас түлегі. Біз жас түлекпен сұхбаттасып, оның ой-пікірімен бөлісуді жөн көрдік.
Мектеп бітіргелі отырған жас түлек ретінде өзіңізді қалай сипаттайсыз?
— Мен өзімді алға қойған мақсаттарына тек еңбек, сабыр мен төзімділік арқылы жетуге ұмтылатын жас өрен ретінде көремін. Болашағыма деген адал мақсаттарым бар және сол мақсаттарым міндетті түрде жүзеге асады деп сенемін.
Сіз үшін «мектеп» пен «ұстаз» ұғымдарының байланысы қандай?
— Мектеп пен ұстаздың арасында терең әрі мағыналы байланыс бар. Қазақ халқы «Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» деп бекер айтпаған. Егер мектеп қабырғасында ұстаздың білімі мен берер тәрбиесі болмаса, ондай мектептің мәні де төмендейді. Себебі білім мен ғылымды ұштастырып, шәкіртке жол көрсететін ұлы тұлға — ұстаз.
Сіздің мектебіңізде шабыт беретін адам кім?
— Мен үшін шабыт беретін жан — қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ұстаздың өз ісіне адалдығы бірден байқалады. Ол қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін ғылыммен ұштастыра отырып, жоғары деңгейде жеткізе біледі. Мен оны нағыз ұлт ұстазы деп санаймын.
Әңгімемізді қорытындылай келе, өз жолын енді іздеп жүрген оқушыларға қандай кеңес берер едіңіз?
— Өз жолын табу — ұзақ әрі маңызды кезеңдердің бірі. Ең бастысы — үздіксіз іздену, өз-өзіңе адал болу және өз қызығушылығың мен құндылықтарыңды түсіне білу. Сол кезде әр адам өз жолын міндетті түрде табады деп ойлаймын.
Бұл сұхбат барысында әр адам үшін мектептің өзіндік орны мен мағынасы бар екенін аңғардық. Әрбір биік мақсат пен үлкен арман мектеп қабырғасынан бастау алады. Ал оқушыға шабыт беріп, биікке жетелейтін жандар — мектептегі ардақты ұстаздар.
Сабина Бекболат
























































