27 мамыр күні Елордадағы “NURORDA” мектеп-лицейінде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша ІІ республикалық жасөспірімдер олимпиадасының ашылу салтанаты өтті.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы мамандарының айтуынша, олимпиаданың аудандық және облыстық кезеңдеріне Қазақстанның барлық білім беру ұйымдарынан 25 808 оқушы қатысып, республикалық кезеңге 210-ға жуығы іріктелген.
Олимпиаданың ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова келіп, әуелі “NURORDA” мектеп лицейінің жұмысымен танысты. Әр сыныпқа жеке кірген білім министрі мұғалімдерге алғысын білдірді.
Ашылу салтанаты басталмай тұрып, оқушылар өздері жасаған түрлі жобаларын көрсетті. Білім саласының басшысы барлығымен танысып, жас ғалымдарға сәттілік тіледі.
“Олимпиаданың мақсаты жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді тереңдете оқуға оқушылардың қызығушылығын арттыру”, – дейді ұйымдастырушылар.
Олимпиаданың ашылу салтанаты ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшитдинованың сөзімен басталды. Ол білімпаздарға алдағы жарыста сәттілік тіледі. “Сіздер әрдайым жеңімпазсыздар” – деп оқушыларға қолдау білдірді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық оқушыны әлемнің 14 ЖОО білім алуға шақырды
Жақында ғана әлемнің 14 ЖОО-нан шақырту алған Spectrum халықаралық мектебінің 12 сынып оқушысы Әлихан Құдайбергенов сахнада сөз алып білімді болуда еңбектің өті маңызды екендігіне тоқталды. Жол сілтеп, олимпиадаға дайындаған мектебіне, ұстаздарына алғыс айтты.
Өз кезегінде, оқушылар ән салды, би биледі. Бүлдіршіндер өнерімен көрерменді тәнті етті.
Айта кетейік, олимпиаданың жабылу рәсімі және жеңімпаздарды марапаттау 29 мамыр күні “NURORDA” мектеп-лицейінде өтеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының I, II, III дәрежелі дипломдарымен және Олимпиада демеушісі “ExxonMobilKazakhstan Inc.” компаниясының бағалы сыйлықтарымен марапатталады.
Abdimanap KENES