Оқуға деген мотивация жоғалған кезде не істеуге болады?

0
3
фото: pinterest

Кейде кітапты ашқың келмей, оқуға деген мотивация мүлде жоғалғандай сезілетін сәттер болады. Мұндай жағдай әр оқушының басынан кем дегенде бір рет өтеді. Бұл — оқу барысындағы тоқырау кезеңі. Алайда оны жеңу үшін үлкен өзгерістер емес, қарапайым әрі тиімді қадамдар жеткілікті.

1. Оқу орнын өзгерту

Оқуға деген қызығушылық ең алдымен ортадан басталады. Барлығымыз эстетиканы жақсы көреміз. Сондықтан оқу үстелінің таза, жинақы әрі мотивациялық суреттер мен кітаптарға толы болуы сабақ процесін жеңіл әрі жағымды етеді. Ыңғайлы орта — зейіннің кепілі.

2. Ұялы телефонды өшіру

Сабақ барысында әлеуметтік желілерге алаңдап кету — баршамызға таныс жағдай. Сол себепті оқу кезінде интернетті бірнеше сағатқа өшіріп немесе телефонды көзден таса жерге қойған дұрыс. Бұл зейінді шоғырландыруға көмектеседі.

3. Сабақ уақытын жоспарлау

Сабақты жоспарлау — табысты оқудың басты кілті. Әр пәнге арналған уақытты және өтетін тақырыптарды алдын ала белгілеп алған жөн. Барлығын бір күнде меңгеруге тырыспай, тапсырмаларды бөліп орындау миға салмақ салмай, қызығушылықты сақтауға мүмкіндік береді.

4. Өткен тақырыптарды қайталау

Қазіргі кезде есте сақтау қабілетінің әлсіреуі көпшілікке ортақ мәселе. Оның бір тиімді шешімі — өткен тақырыптарды күнделікті қайталап отыру. Сонымен қатар тек оқулықпен шектелмей, YouTube-тен қосымша бейнематериалдар қарап, достармен бірге талқылау ақпаратты есте сақтауды жеңілдетеді.

5. Өзіңді ұмытпау

Оқу барысында күйзеліске түсу жиі кездеседі. Алайда нәтижелі оқу үшін физикалық және эмоциялық тепе-теңдік өте маңызды. Уақытылы ұйықтау, дұрыс тамақтану және демалыс — мидың жұмысын жақсартып, оқу тиімділігін арттырады.

Оқуға деген мотивацияны арттыру үшін түбегейлі өзгерістердің қажеті жоқ. Күнделікті өмірде осы қарапайым әдістерді қолдану арқылы оқу процесін жеңіл әрі қызықты етуге болады. Ең бастысы — нақты мақсат қойып, соған жетуге ұмтылу.

Сабина Бекболат

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз