Соңғы қоңырау таяған сайын әр жүректе қимастық сезімі оянады. Мектеп – біз үшін тек білім ордасы ғана емес, өмірдің алғашқы баспалдағы, балалықтың балғын естеліктерге толы жылы мекені.
Шынында да, мектеп – екінші үйіміз. Мұнда бізге білім ғана емес, өмірлік бағыт пен тәлім берген ұстаздарымыздың еңбегі ерекше. Сыныптастармен өткізген сәттер, түрлі іс-шараларға дайындық, бірге күлген, бірге уайымдаған күндер – барлығы да мәңгі есте қалатын қымбат естелікке айналады.
Белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деген сөзі осы сәтте ерекше мәнге ие. Себебі мектептен алған білім мен тәлім – болашағымыздың берік іргетасы. Он бір жыл бойы жинаған біліміміз өмір жолында бізге жолсерік болады.
Болашақта қай ортада жүрсек те, мектеп табалдырығын алғаш аттаған, алғаш соңғы қоңырау үнімен қоштасқан сәт – өміріміздегі ең қымбат кезеңдердің бірі болып қала береді.
Соңғы қоңырау – тек қоштасу емес, жаңа өмірге қадам басу, арман мен мақсатқа ұмтылудың бастауы.
Мектеп – өткеннің естелігі ғана емес, болашаққа жол ашқан алтын кілт.
Сабина Бекболат

























































