Әлемдегі ең танымал көлік түрі – автокөлік. Ол тек жолда жүретін құрал ғана емес, әр адамның өмірінің маңызды бөлігіне айналған. Халық арасында түрлі көлік брендтерін көргенде, әркімнің талғамы мен қалауының әртүрлі екенін байқаймыз. Біреулерге жылдамдық маңызды болса, енді біреулерге салонның кеңдігі мен жайлылығы керек.
Дұрыс таңдалған көлік – уақытты үнемдеп қана қоймай, жол үстінде ерекше жайлылық пен жылы сезім сыйлайды. Сол себепті көлік таңдауда бірнеше маңызды аспектілерге назар аударған жөн.
Қазақстанда ең танымал әрі сұранысқа ие көлік бренді – Hyundai деп ойлаймын. Бұл брендтің халық арасында танымал болуы тегін емес: оның қозғалтқышы ұзақ қызмет етеді, сервис желісі кең таралған, ал бағасы қолжетімді. Қала ішінде де, алыс сапарларда да Hyundai – ыңғайлы әрі сенімді көлік.

2024 жылы BMW көліктерінің сатылым үлесі 21,6%-ды құрап, ал 2025 жылдың алғашқы айларында бұл бренд статистика бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болды.
Көптеген адамдар жылдам әрі қуатты автокөлікті қалайды, сол себепті ең тиімді нұсқалардың бірі – BMW деп сенімді түрде айта аламын. Әлемдегі ең жылдам көлік деп нақты айту қиын, өйткені әр марканың өзіне тән ерекшелігі мен артықшылығы бар. Дегенмен мен басқа брендтерді емес, дәл BMW маркасын ұсынар едім.
Бұл таңдауымның себебі айқын: кейбір модельдері небәрі 3 секунд ішінде 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа дейін үдей алады. Оның басқарылуы мен динамикасы керемет, ал артқы және толық жетек жүйелері жүргізушіге ерекше «тірі сезім» сыйлайды.
Сонымен қатар, BMW көліктерінің қозғалтқыш дыбысы — ерекше әсер қалдыратын бөлігі. Көптеген адамдар үшін дәл сол дыбыс адреналин мен еркіндік сезімін оятады.

Бірақ бұл авто мен оның модельдері кейде қыңыр мінезді келеді, сондықтан оларға ерекше ықылас пен мұқият күтім қажет. Сол себепті менің ойымша, BMW – шыдамды әрі тәртіпті адамдарға арналған көлік.
Қазір танымалдық жинап келе жатқан автокөліктердің бірі – Қытай елінің жаңа буын маркалары. Бұл тақырыпта ел арасында екі түрлі көзқарас бар: бірі – қолдайтындар, екіншісі – сенімсіздікпен қарайтындар.
Мысалы, қуатты әрі заманауи үлгі саналатын “Li Xiang” электромобилін алуға болады. Ол негізінен батарея арқылы қозғалады, алайда қажет жағдайда бензин генераторы көмекке келеді. Бұл шешім – таза электр көліктеріне қарағанда ұзақ сапарларда әлдеқайда тиімді.
Сонымен қатар, жетілдірілген автопилот жүйесі кез келген жағдайда жүргізушіге көмек береді. Дауыстық басқару, үлкен сенсорлық экрандар мен ыңғайлы салон – оның басты артықшылықтары. Жоғары технологиялар мен жайлылық үйлескен бұл авто ұзақ сапарлар үшін таптырмас таңдау.

Дегенмен, мұндай көліктердің өзіне тән шағын қауіптері де бар. Олар ұзақ мерзімге қызмет етуге әрдайым арналмаған, сондықтан жаңартылған нұсқалар шыққанда ескі модельді ауыстыруға тура келеді. Бұл ретте кей адамдар жаңа брендке де ауысуға бейім.
Сонымен қатар, толықтай 0-ден 100%-ға дейінгі зарядтау уақыты шамамен 6–8 сағатты алады. Бұл көрсеткіш кей жүргізушілердің талабына сай келе бермейді.
Сондықтан ең бастысы — адамның өмір салтына, бюджетінe және талғамына сай көлік таңдай білу. Дұрыс жоспармен таңдалған көлік ұзақ жолда сенімді серікке айналып, әр сапарды қуаныш пен шабытқа бөлейді.
Аружан Ануарбекова























































