Ымырт кеш. Желтоқсан айының басталғанына 7 күн болды. Халық қалың қардың жауғанын күтумен, жаңа жылға дайындық үстінде. Ал мен үшін бұл уақыт – тұлғаны ояту миссиясының бастауы болды. Бұл миссия қалай келді, мен де байқамай қалдым. Тұлға болуға деген ынта жүректен шыққанда ғана шынымен маңызды болады. Сол сәттен бастап болашағымды тек шығармашылық өмірмен байланыстыруға бел будым.
Жасым шамамен 13-те, алғашқы рет театр сахнасын өз көзіммен көріп, жүрекпен сезіндім. Сол сәттен бастап театр актрисасы болу арманға айналды. Алайда “Жүргенов академиясында өнер көрсетемін” деген арман үш жылдың ішінде санадағы бейне болып қалды. Сол кезде мен өзіме шынымен жақын, потенциалымды аша алатын жаңа бағыт іздей бастадым. Солай журналистикаға қадам бастым. Бұл шешім мен үшін саналы, эмоцияға беріліп емес, нақты қадам болды.
Журналистиканы таңдауыма шығармашылық еркіндіктің кепілдік беруі әсер етті. Менің жолым тарихи документалды фильмдерді көріп, зерттеу, психология, даму және қоғамға пайда әкелу арқылы жазылды.
Бала кезімнен әртүрлі ортада өстім: бірнеше сынып пен мектеп ауыстырдым. Ортаға бейімделу қиын болды, бірақ түбі қара шаңырақ – менің мектебім – мен үшін екінші үйімдей болып кетті. Бұл мектепті анам да қимайды. Он бір жыл ішінде мектепте сан түрлі өзгерістер болды. Анамның қосқан еңбегі зор, ол балаларға адал еңбек еткен ұлы ұстаз. Сол себепті мен үшін ең бірінші үлгі – анам.
Мақсатыма жетуге жол ашқан, күнде шабыт беретін ұстазым . Апаймен мені бір ортақ достарымыз таныстырды, сол сәттен бастап жолдан қателеспегенімді түсіндім. Төрт ай өткеннен кейін апайымды бір ғасыр ғұмырдай танығандай болдым. Журналистика оқу орнына келген соң, жаңа белестер мен күнделікті өмірім бір сәтте жарқырағандай болды. Апайдың көмегімен биік жетістіктерді батылдықпен жеңе алатыныма сенімдімін.
Мен үшін журналистика тек ақпарат жеткізу емес, қоғамға адал қызмет ету, зерттеу, психологияны түсіну және әлеуметтік құндылықтарды насихаттау. Сыртқы тарих пен ішкі саясатты зерттеу – журналист маманға тікелей байланысты міндет. Журналист – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Оның басты мақсаты – шындыққа адал болу.
Қазіргі таңда менде бірнеше деректі сюжеттер мен мақалалар бар:
- “Телефонды тиімді пайдалану: пайдалы қосымшалар тізімі”
- “Театрдың қоғамға ықпалы”
- “XXI ғасырдағы жасанды интеллект”
Жуырда менің алғашқы деректі фильмім жарық көреді. Бұл мен үшін маңызды жоба, себебі тақырыптарым қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтиды. Өмірде бір оқиғадан сабақ алу, терең ойға батып түйін шығару – шығармашылық жолының маңызды бөлігі.
Адаммен шынайы қарым-қатынас үшін психологияның рөлі айрықша. Ол адамның көңіл-күйін, ой-пікірін түсінуге, сөзімізді дәл айтуға көмектеседі. Бұл қасиеттер журналист үшін негізгі қағидалардың бірі болып саналады.
Мен үлгі тұтатын тарихи тұлға – Қаныш Сәтпаев. Оның өмірі мен еңбегі қоғамға адал қызмет етудің, мәдениетті насихаттаудың және ғылыми көзқарастың символы.
Менің таңдап отырған оқу орным – Л. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті. Бұл оқу орны мен үшін жаңа өмір дастанының алғашқы парақтары секілді. Студент болу, жаңа ортаға қадам басу және мамандықты игеру мен үшін тұлға ретінде өсуге маңызды кезең.
Өмірлік қағидатым: бүгінгі сәттің қадірін білу, қолда бар мүмкіндікті бағалау. Себебі бүгінгі әрекет – ертеңгі тарихтың негізі.
Аружан Ереже
























































