Енді тұрғын үй кезегіне тұру қиындайды

0
66
фото: Pixabay

Мемлекет баспанаға мұқтаж адамдарды есепке қоюдың жаңа қағидаларын қабылдады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №168 бұйрығымен жаңартылған қағидаларды бекітті. Құжат 2024 жылғы 15 қаңтарда күшіне енеді.

Бұл құжаттар жүздеген мың адамның өміріне әсер етпек.

Жаңа жүйе толыққанды іске қосылғаннан кейін баспананы қажет ететін азаматтарды әкімдіктердің базасында есепке қою тоқтатылады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндіруінше, Астанада “Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы” құрылады, оған қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан, бүкіл 20 өңірдегі тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар кезекке тұра алатын болады.

Бірақ бұл орталық тек кезекті жүргізеді, үй салмайды. Сол себепті халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті жергілікті әкімдердің құзыретінде қалады. Олар бұл міндетін тұрғын үй салу және құрылыс компанияларынан сатып алу арқылы жүзеге асыруға тиісті.

Бірден ескертетін жайт, азаматтардың әкімдіктердегі үй кезегі өзгереді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев депутаттарға түсіндіргендей, қай адамның құжаты бұрын тіркелсе, соның кезектегі орны да жоғары болады.

Сондай-ақ кезекке тұрғысы келетіндердің отбасы мүшелері атына тіркелген пәтердің бар-жоқтығы қатаң тексеріледі. Тек мүлдем баспанасыздар ғана кезекке тұра алады.

Министр бұдан былай тегін үй кезегіне тұру күрделі болатынын жасырмады. Біріншіден, әлгінде айтылғандай, азаматтардан меншігінде ешқандай баспана, тіпті үлесінің болмауы талап етіледі.

Екіншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кезекке тұру үшін кейінгі 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет деген талап бар. Салдарынан, мемлекеттен алған үйін сатып жіберіп, бес жылдан соң қайта кезекке тұру сияқты теріс құбылыс бой көрсеткен. Сондықтан кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзім 10 жылға дейін ұлғайтылмақ.

Министр ашықтықты қамтамасыз ету үшін баспанаға мұқтаж жандардың жалпыреспубликалық бірыңғай тізімі интернетте ресми жарияланатынын мәлім етті.

Ол тізім тоқсан сайын 1 рет қайта қаралып, инвентаризация жүргізіледі. Осы кезеңде ғайыптан-тайып, соның ішінде қайырымдылық қорлары немесе меценаттар көмегімен баспанаға қол жеткізгендер табылса немесе күтуден шаршап, өзге елдерге көшсе, ол отбасы тізімнен шығарылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз